«Орай шап» оқиғасы

Патшалық Ресей І-дүниежүзілік соғыста адам күшіне деген сұранысын Орта Азиядағы халықтардан алу арқылы шешпекші болған. 2-ші Николай патша 1916 жылғы 25 маусымда «Соғыс жүріп жатқан аудандарда бекіністер салуға, сондай-ақ мемлекет қорғанысына қажетті басқа да кез-келген жұмыстарды атқару үшін империяның бұратана халықтарының 19-43 жас аралығындағы ер адамдарын тыл жұмыстарына шақыру туралы» жарлығын шығарғаны тарихтан белгілі.
Ресейге көп алым-салықтар төлеп, шұрайлы қоныстарынан айырылған, мал-мүліктері кеміп, кедейленген қазақтар үшін бұл басқа түскен сұмдық нәубет еді. Осы жарлыққа қарсы Қазақстанда тура 100 жыл бұрын ұлт-азаттық қозғалысы өтті.
Жер-жердегі қазақтар бас көтеріп, болыс кеңселеріне шабуылдап, ресми құжаттардың көзін жойды. Жетісу өңірінде, Торғай аймағында болған көтерілістер де осылай басталған. Өсемен уезіне қарасты Тайынты болысында басталған «Орай шап» оқиғасы да осындай көтерілістің бірі. Бұл көтерілістің жетекшісі Сағымбай ЖетпісОВ орысша оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу азамат болған екен.
Елдің қарсылығына тап болған болыс Мұса патша әскерінен көмекке алдын-ала елу солдат сұраған. Мұса болыстың кеңсесіне шабуыл жасаған халық тізімдерді, құжаттарды жыртып, өзін байлап-матап орман ішіне алып кеткен.
1916 жылдың 31-шілдесінде Өскемен уезі бастығының көмекшісі, офицер Брюханов халыққа жиын өткізеді. Сонда Аманбай Кештібаев: «Әскерге адам бермейміз», — деп
орнынан тұрып, орман жаққа белгі береді. Сол
белгіден соң қарағай ішінен арнайы жасақта-лып, дайындалған аттылы көтерілісшілер шығып, «Орай шап!», «Ора!», «Орай шап»», — деп ұрандап, әділетсіз басшыларға қарсы шапқан. Киіз үйлерге алдын-ала жасырынған қарулы солдаттар мылтықтарымен атып, көтерілісшілердің біразын жер жастандырып, жаралаған екен. Сойылмен, шоқпар, қылышпен ғана жасақталған қазақ көтерілісшілері патша әскерінің мылтығына қарсы тұруға дәрмендері қалмай, қашып құтылған. Соңдарынан жазалаушы отряд шығып, көтеріліске қатысқан ерлерді аямай өлтіріп, қалғандарын қолға түсіріпті.
Сағымбай Жетпісов, Аманбай Кештібаев, Оралбай Тілемісов, Қайыржан Маймақов, Құсыман Олжабаев, Аманбек Дулатовтай халықтың қаһарман азаматтары ұсталып, абақтыға жабылып, қуғын көрді. Көтерілісте көз жұмғандар «Қарабалапан» деген жерде жерленген. Ұлт азаттығы жолында құрбан болған бабаларымыздың ерлік істерін ұрпақ ұмытпайды!

Саят Қамшыгер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *