Жүсіпбек Аймауытов: “Дүние-ай, шіркін!..”

«Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта — астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қостан тартып, қожасының ақ сабауына қарай түсіп, шиге шанышқан бір жапырақ  қағазына үңіліп, құнысып, бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай… екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бажырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап, аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа… Жас балаға лайық та емес қой…»

«Жуас түйе жүндеуге жақсы» ғой. Қартқожаны жуассынып, басынып, балалар үстінен түспейтін. Шайнап-шайнап, домалақтаған қағазбен атып, әйтпесе: «Мынаны қарашы» — деп мұрынға түртіп қалып, болмаса маңдайын өлшеп, мазақтай беретін. Қартқожа оларды артық елең қылмайтын, ең ашуланғанда ғана: «Қой дейім, жындымысың өзің» — деп, сабағын оқи беретін.»

«Сәске мезгіл еді, әжесі: «Сиыр суға келді» деген соң, Қарқожа  құдық басына жөнелді. Өздерінің сиырларын суарам ғой деп барып еді — Қартқожаның ол ойы болмады; ауылдың сиыры қаптап кетті. Қартқожа қауға тартты. Сиыр малы бірін-бірі итермелемей, кимелемей, мүйіздеспей, астауды құлатпай қай жөнді су ішкен. Астауға үймелеп, бірін-бірі арт жағынан іліп тастап, су ішіп жатқан жолдасының бүйірінен жайқап қалып, мүйіздері соқтығып, сартта-сұрт! Кіші үйдің көк сиыры Қартқожаның тарғыл шолақ сиырын су ішкізбей, түріп шығарды. Қартқожа қауғаның сабымен: «Ой, арам қатқыр, көк ит!» — деп, кеңсіріктен салып жіберді. Көк сиыр тұмсығын шайқап, сазайын алып, шыға берді. Ұрғанды тыңдайтын емес, оты қанып, қаңсып қалған мал қырып барады. Көздері аларып, аузын толтыра-толтыра, таласа-тармаса, өлердей жұтып жатыр. Жақын жердегілері болмаса, кейінгі жақтағыларға судың иісі ғана барады, бір құйған су алдыңғы екі-үш сиырдың жалпақ аузымен бір жайпағанынан да аспайды. Тағы бір жаманы — қауға жыртық, астауға жеткенше, бір-ақ тостағандай су қалады. «Өңкей тоғышар, қауғасының жыртығын да бүтіндемейді, қайтерсің?» — деп кейіп қояды. Қартқожа жанталасып, мықшыңдап, тері пұшпағынан ақты, ауылдағылар көріп тұрса да, көрмегенсіп, сиырын суаруға ерініп, кісіге иек сүйеп кеткен ел, келмеді»

«Ер жетіп, ес білген сайын, Қартқожа өмірде талай әділетсіздіктерді көре бастады. Өз басын құрбы-құрдастары талай кемсітіп, мазақ етіп қорлағаны, зорлық көрсеткені бар… Жас күнінде бай балалары талай қарға да аунатқан, қойнына қар да толтырған, тонын да жыртқан, кітабын да шашқан, өгізшесінен аударып, қуып жіберіп, талай жаяу да қалдырған. Қайсыбірін айтарсың, қорлық-зорлығы толып жатыр. Осының бәрі Қарқожаны ойландырды, жанын кейітті: «Әттең, менің кедейлігім-ау! Әйтпесе солардың менен ақылы артық па? Зейіні артық па? Артық болса, малы артық. Дүние шіркін-ай! Кегімді алатын да күн болар ма екен!» — деп, ішінен зығыры қайнап жүрді.»

«Қартқожа әкесінің аса тарығып, балаша еңіреп жылағанын екі көрді. Бірі: қасқа атты бауыздап, жануар ішін тартып, ышқынып қорқырай бастағанда, әкесі төмен қарап: «Қол-аяғымызды кестің бе?» деп кеңкілдеп қоя беріп еді «Кестің бе» дегенде, Жұман атына айтты ма, әлде құдайға айтты ма, болмаса тілмәшқа, болысқа, шабарманға айтты ма, Қартқожа кімге айтқанын білген жоқ. Енді бірі: көк биенің бауыры астаудай болып ісіп, сенделіп келгенде «таңдайды біржола ағартайын дегені ғой» деп, тағы да егіліп, зарланып жылап жіберді. Ол жылаған соң, әжесі де солқылдап жылады. Үйді айнала беріп, Қартқожа да жылады.»

«Мидай жазық, кең дала, жел жоқ. Күн шуақ. Аспанда ақ сабынның көбігіндей, ақ мақтадай ақ бұлттар. Деген шеке қызар, ми қайнар уақыт. Инелік, шегіртке, бөгелек, масаның қалың шөптің арасынан ұшып, әуені қаптап, шарықтап, олай-былай жүйткіп шыр-шыр етіп, қанаттары дырылдап, ызыңдағаннан басқа, екі аттың пысқырып, құйрығы суылдап, аяғын тебініп, бөгелек шаққанынан басқа, анда-санда шық-шық еткен торғайдың даусынан басқа жаңғырыққан ешбір тықыр не бір үн естілмейді. Қартқожа сайын далада киімін шешіп, жайрап, көйлекшең, жалаң бас, көк шөпке бауырын төсеп, күнге қарап, қошқыл маңдайынан тері шып-шып шығып, кітабын оқып жатыр. Оның кітапқа ынталанғандығы сонша, жан-жағына да қарамайды, анда-санда мұрнын да тартып қояды, демін де білдірмей алады. Ол екі атты да ұмытып кетті. Біреу алып кетсе, білер емес. Өзінің айдалада жатқанын да, аулын да, басқа дүниені де ұмытты. Оқыған сайын ажарланады, бет-ауызы балбырап, иегін созып, көзін қадап, қағазды жеп қоятын тәрізді…
Әлден уақытта аяғына жетті. Ол кітапты жаппай, ойланып, басын шайқап, таңдайын қағып біраз жатты. Содан кейін кітапты басынан аяғына шейін бір қарап шықты да, басын көтерді.»

Үзінділер Жүсіпбек Аймауытовтың
“Қартқожа” атты шығармасынан алынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *