Жігіт жан-жақты болуы керек

Ауылымызда құрылған «Қаршыға» каратэ
спорт клубында 4 жылдан бері жаттығып жүрмін. Ұстазымыз — Жолдасбай Байғазиев. Осы клубтан тәлім алған ауыл жастары 2004 жылы дүниежүзілік біріншілікте Лас-Вегас қаласында 3 алтын, 1 қола медаль алды. 2005 жылы Жаңа Орлеанда 1 алтын, 1 күміс медаль, басқа жылдарда дүниежүзілік біріншілікте 4 қола медаль жеңіп алды. Осылайша қазақ балалары мен жасөспірімдері мықтылықтарын көрсете білді.
2007 жылы Астана қаласындағы Республикалық клубтық жарысқа барлығы 15 команда қатынасты. Соның 14-і әр түрлі қалалардан келген екен, ал ауылдан келген жалғыз команда «Қаршыға» командасы болды. Бұл клубтан тәрбие алған шәкірттердің сегізі Спорт және туризм академиясын аяқтаған.
Өзіме келсем, қазіргі кезде 7-ші кью дәрежесіндегі қызыл белбеу иегерімін. Облыстық жарыстарға қатысып, 2012 жылы Қапшағай қаласында ІІ-орын алдым. Бір жылдан кейін облыста чемпион атандым. 2013 жылы Талдықорған қаласында республикалық біріншілікте ІІ-орын алдым. Осындай жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүргенім ұстазым Жолдасбай ағаның зор қажыр-қайратының арқасы дер едім. Ұстазымның «Жігіт жан-жақты болуы керек» деген ұстанымы бойынша шахматтан да түрлі жарыстарға қатысып тұрамын. Биылғы жылы шахматтан аудандық біріншілікте І-орын иемдендім. Мен алда әлі көп тер төгіп, мол жаттығулар жасау керек екенін түсіндім.
Рабат НҰРБОЛАТҰЛЫ,
Алматы облысы, Райымбек ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ