Түркілердің туын көтерген Тоныкөк

Тоныкөк (646-737) – көне түркі қағанатының бас қолбасшысы, қағанның бас кеңесшісі, биі болған. Былайша айтқанда, қазақтың жыраулық дәстүріндегі Бұқар жырауды, Қорқыт атаны еске түсіретіндей ірі тұлға. Көк түркілердің ақсүйектер әулетінен. Жас кезінде Қытайда императорлар мектебінде дәріс алған. Одан соң алты-жеті жылдай мемлекет қызметін атқарды. 679 жылғы көтерілісте түркілерді қолдағаны үшін түрмеге отырғызылады. Қандастары арасында зор беделге  ие болады. Соны өз мақсаттарына пайдаланбақ болған қытай билеушілерінің арам ойы іске аспай, арнайы тапсырмамен жіберілген Тоныкөк көтерілісшілердің жағына шығып кетеді. Елтеріс 682 жылы көтеріліс бастап, жеңіп шығады. Елтерістен соң таққа Қапаған (Мойыншор) отырады. 715 жылы Қапаған қаза тапқаннан кейін жаужүрек Күлтегіннің көмегімен ағасы Білге қаған болды. Сөйтіп, осы үш ердің тұсында түркілер айбынды жұрт болып, бір тілек, бір мақсатта өмір сүрген.
Ол Білге  қағанға қызын беріп, қайын атасы әрі қағанның білікті әскери маманы болады. Қағанның қасында ақылшы-кеңесші бола жүріп, білікті сөз ұстаған адам. Жорықтарға бірге шығып, өзін мықты қолбасшы ретінде де танытады. Өзіміз тарихтан білетін Бұқар жырау, Қазтуған, Доспамбеттер де дәл сондай тұлғалар еді.
Тоныкөк Елтеріс, Қапаған, Білге – үш қағанның тұсында ақылшы болды. Қағанның ұлдары Бөге, Інел қағандарды да желеп-жебеп отырған. Ол өзі туралы былай дейді: «Сонда ақылгөйі мен едім… қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым, күш-қуатымды аямадым. Ақыл  иесі, сөз иесі мен болдым».
Білге, Күлтегін, Тоныкөк қайтыс болғаннан кейін олардың басына құлпытастар қойылып, оның бетіне осы ел үшін еңіреген үш батырдың  ерлігін жазып қалдырған.  Бұл тастағы жазулар тарихта Орхон ескерткіштері деген атпен белгілі. Орхон ескерткіштерін оқудың кілтін Дания ғалымы В. Томсен тапты. Ресей ғалымы В.В. Радлов 1893 жылы оны оқып шықты.
«Тоныкөк» ескерткіші тақырыбы, көтерген мәселесі, кейіпкерді бейнелеуі, көркемдігі тұрғысынан қазақтың эпостық жырларына өте жақын. Екеуінде де елдің қамы үшін түн ұйқыдан төрт бөлген ерлердің дамылсыз жорықтары туралы суреттеледі. Тоныкөк бұл ескерткішті 716 жылы тасқа қашап жаздыртады. Тоныкөк қайтыс болған соң, бұл ескерткіш оның моласының басына қойылады.
«Тоныкөк»  дастанында ұлы Білгенің бар жорығы түгел қамтылмаған.  Тек ең негізгі, шешушілерін ғана бәдіздеткен. Соның бірі – Шаңшұң шайқасы, Тоныкөктің тосын да көрегендік шешімінің нәтижесінде түркі қағаны саяси тәуелсіздіктен құтылып қана қойған жоқ, жауынгерлерін рухтандырды және қытай императорының өзін қағанатқа кіріптар етті. Алғашында қызын қытай кінәзіне ұзатылуына  өтініш еткен Қапаған қаған Тоныкөктің көрегендігі пен құдіреттілігінің арқасында енді Император У ханшаға өзі талап қойды.
«Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі халқына қарулы жау келтірмедім. Атты әскер  жолатпадым. Елтеріс қаған жауламаса, оған еріп мен де жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің де шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды. Халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым… Түркі Білге қағанның еліне  арнап тасқа жаздырған мен – Білге Тоныкөкпін!» — деп еліне өсиет етті.
Әйгілі әскербасы, көне дүниенің кемеңгер көсемдерінің бірі болған Тоныкөк  артына көптеген ғибратты сөздер қалдырған. Оның терең ойлы сөздерінде зор отансүйгіштік пен көрегендік рух бар.

Ел қамын жеген ер – басшы
• Жауың басынса – жолың жабылар.
• Жауыңды басындырма, халқыңды ашындырма.
• Күші толып, кемеліне келмесе ел,
Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмес ер.
• Біріккен батыр жау алар.
• Пәтуасыз ер – елге сор.
• Мұқату барда – мұң да бар.
• Жауға қарсы шаппаған – жаудың аяғына жығылар.
• Ел қамын жеген ер – басшы.
• Ердің жеңілгені – елдің жеңілгені.
• Жеңілістің өзінен де ұяты жаман.
• Қаған парызы – халқының қарнын тойғызып, мерейін өсіріп отыру.
• Ақыл иесі – сөз иесі.
• Жеріңді жат баспағай.
• Жұқаны таптау оңай,
      Жіңішкені үзу жеңіл.
• Қағаны – батыр, ақылгөйі – кемеңгер елдің бағы жанады.
• Жершіл жігіт жол табар.
• Ер жігіт жолын сүңгімен ашады.
• Қол қосылса – күш асар.
• Аяқтан шалма, қапыда қалма.
• Жан беріп, жан алысар  жорықта, жауым көп деп қорықпа.

           Дайындаған: Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *