Жақсы мен жаманның айырмасы

Сүйінбай
АРОНҰЛЫ:

Ер жігіт ел-жұртың қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жасы жігіт сөзінде сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай,
Жақсы парқы жаманмен бірдей емес,
Жақсы жігіт сеңсең тонның жағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма-өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі көр, көзі соқыр
Жүрер жолдан тал түсте адасып-ай!

Нышаны кем болса да адамдықтың,
Әркім жүр жақсымын деп таласып-ай.
Жамандар өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына-ай.

Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.

Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман» деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын-ай.

Жақсы адам жатты да жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
Жамандар өсек-аяң айтып жүрер,
Өзінің білмегенсіп қылмысын-ай…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *