Мұстафа Шоқай

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан авто-номиясының жетекшісі 25 желтоқ-сан күні 1890 жылы Қызылорда облысы,Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқыда туған. 1941 жылдың 27 желтоқсанында Берлинде қайтыс болған.

Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ:
— Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген.

Сондай тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай. Ол – Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. 1910 жылы Санкт-Петербург университетіне оқуға түседі. 1914 жылдың көктемінде Мұстафа Петербургте оқып жүрген түркі жастарының патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады.

Балалық шағы
Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.

Мұстафа — қоғам қайраткері
Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды.
1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады.
М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті. Мұстафаның інісі Нұртаза мен туысы Мырзеке Қалымбетұлы «халық жауымен» қандық қатысы болғаны үшін атылды. Қалғандары қуғын-сүргінге түсті. Мұстафа Шоқай өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі, атамекенге, ана сүтіне адалдығынан өле-өлгенше айныған емес. М.Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты.
Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады.
* * *
Қызылорда облысында Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайға туғанына 125 жыл толуына орай ескерткіш қойылды.
Шоқайдың туған ауылы – Сұлутөбедегі атаулы шараға облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы КӨШЕРБАЕВ бастаған белгілі жазушылар мен тарихшылар қатысты. Дара тұлға ұлт тағдырының тарихи сын сәтінде тығырықтан шығар жол іздеп, талай тауқыметті бастан кешірді. Алайда Мұстафа Шоқай есімі мен шығармалары тек тәуелсіздік жылдарында дәріптеле бастады. Қоғам қайраткерінің туған ауылында, сондай-ақ, 240 орындық жаңа мәдениет үйі де ашылды. Ал тас мүсіні сол ғимараттың дәл алдына қойылған.

Мұстафа Шоқайдың
қанатты сөздері

Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi.
* * *

Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.
* * *

Әрбiр өсетiн адам басынан өткенiн, балалық шағын еске алса да, сол балалыққа қайтқысы келмейдi.
* * *

Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.
* * *

Төлқұжат деген нәрсе «ұлт» бермейдi, оның «ұлтын» өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.
* * *

Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?
* * *

Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.
* * *

Бiз жеке тұлғалардан жоғары тұрған ұлттық мұраттарға сүйенемiз.
* * *
Түркiстан – бөлiнбес, айрылмас бiр өлке. Халқының қаны бiр, тiлi бiр, еркi бiр.
* * *

Жалпы адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.
* * *

Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады.
* * *

Тәуелдiлiгiн жалпы ұлт мүддесi тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетiн түзiм жолында құрбан ете бiлген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметшi бола алады.
* * *

Мақтаға қарсы күресте бидаймен қаруланыңыз. Шет ел үстемдiгiнен құтылудың алғашқы қадамы шет елге астық тәуелдiлiгiнен құтылу болмақ.
* * *

Атамекенiмiздiң ұлттық құқығы жолында жүргiзiп жатқан күресiмiз, тiптi, кейде «демократияның шекарасын» аттап кеткен күннiң өзiнде ешкiм бiздi шовинизммен айыптауға қақысы жоқ.
* * *

Ей, менiң елiмнiң, Түркiстанымның сүйiктi ұландары! Мұны бiр сәт те естен шығармаңыздар. Әрбiр қадамдарыңызды ойланып басыңыздар!

«Qaznews.kz» сайтынан алынды

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *