Көңіл айту

9bet_f1— Ана, өткенде  біздің  апайдың туысы қайтыс болды деп, ол кісінің бірнеше сабағын басқа мұғалім өткізді. Апай сабаққа қайтып келгенде, үзіліс кезінде апайлар көңіл айтамыз деп сыныпқа сыймай кетті.
— Сен әлі кішкентайсың. Кейінірек қайтыс болды дегенді толық түсінесің. Бұл өмірдің ең қатал заңы. Ол – ұлтқа бөлінбейді, бәріне ортақ. Міне, мұндайда адамдар бір-біріне жанашырлық танытып, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтады. Үйіне барады. Туысы алыста болса, өзің айтқан ұстаздарыңдай сыныпқа немесе жұмыс орнына келіп көңіл айтады. Сондай-ақ газеттерге көңіл айту  береді.
— Жақында Нұржан деген баланың әжесі қайтыс болды. Көрсең, көңіл айт деп едім ғой.
— Ана, кешіріңізші, Нұржан бізбен ойнап кетті де, мен  не айтарымды білмедім.
— Бұндай жағдайға бірінші рет кездесіп тұрсың ғой.Басқа өздеріңмен жарысып ролик тебетін қыздар айтқанын байқадың ба?
      — Қыздар да еш нәрсе айтқан жоқ. Нұржан келе жатыр еді, «Нуржанчик, красавчик», деп роликтерін айтып, ары қарай жарысып кетті.
— Қыздардың да ойында болмаған ғой. Сенің үндемей қалғаның дұрыс емес. Саған түсіндіріп едім ғой. Бала болсаңдар да, осы бастан  қайғысына ортақтасуды үйренгені дұрыс.
— Ана, ертең Нұржанды көрсем, көңіл айтсам бола ма? Көңіл айту үшін не деймін?
— Нұржанды көрсең, айқайлап сөйлемей, ақырын ғана «Нұржан, саған бір нәрсе айтайын деп едім, ренжімесең шетке шықшы» деп алып кел де «Кешір, кеше ойынға қызып кетіп, айта алмадым. Әжең иманды болсын» деп қолын алып көріс, ұлым.
— Көріс деген қалай, ана?
— Ұлым, көрісу деген ер-азаматтар бір-бірімен төс түйістіріп, көңіл айтады. Сендер үзілісте,үйге қайтқанда, ойнап жүріп те құшақтасасыңдар. Бұл бұдан өзгешелеу. Туыстар, достар бірін-бірі ұзақ көрмей кездесіп қалғанда, құда-жегжат болып жатқанда, төс қағыстырып құшақтасады.Тілектің бір түрі іспетті.
— Жарайды, ана, ертең Нұржанды күтіп алып, көңіл айтамын.
— Міне, нағыз азамат деген осы емес пе?

      Ж. КУЧУКОВА.                                        Суреттерді салған Байтұрсын ИСМАИЛОВ.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *