Тағамды талғап тамақтанайық

Сары жапырақтар жер бетіне жайылып, аспаннан тамшы-тамшы жаңбырдың себелеп тұрған кезі еді. Асыққаным соншалық, мектеп ұйымдастырған «Мөлдір бұлақ» журналының сүйікті оқырмандарымен кездесу кешіне жүгіріп бара жатырмын. Кенеттен мектептің сыртында жылап тұрған оқушыға көзім түсіп кетті. Асығыс болғандықтан жылаған баланың жанынан өтіп кеттім. Мектептің кіре беріс есігін ашып тұрып, сырттағы оқушыны ойлап, кері шегініп, жанына барып жағдайын сұрауды жөн көрдім.
— Сәлем, балақай! Неге жылап тұрсың? Көмегім керек пе?
— Жоқ.., бәрібір маған ешкім көмектесе алмайды, – деді көз жасын сүртіп.
— Онда жарайды, қазір мектепте кеш болады, көз жасыңды сүрте ғой, жүр мектепке бірге барайық. Ол жерде сенің де сыныптастарың болады.
— Жоқ.., мен ешкімді көргім келмейді, мені бәрі семізсің деп мазақ етеді, – деп өксігін баса алмады.
Осыдан мен баланың көңіл-күйін түсіндім. Әрі ол оқушыны жалғыз қалдырып кеткім де келмеді.
Тұратын жері де біраз алыстау сияқты. Ол баланың қолынан жетектеп ішке алып кірдім. Сыныптаста-
рын тауып, жандарына апарып отырғыздым. Шығармашылық кеш те басталып кетті. Кеш біткен-ге дейін бар ойым сол балада болды. Қайтарда баланы тауып алып, жол-жөнекей әңгімелесуді жөн көрдім. Өзі сондай сүйкімді, ақылды әрі тәрбиелі бала екен. Ол балаға көмектескім-ақ келді. Бірақ қалай? Жолсерігімді әңгімеге тарта келе семіздіктің неден екеніне жауап таптым. Өзі соны аңғармаса да, сұрақтарымның жауабы күнделікті жеп жүрген тағамдарынан екенін ұқтым.
Әрбір ата-ана баланың күнделікті өміріне қатты мән бергені жөн. Өкініштісі, бүгінгі күнде балаға қамқорлық танытар уақыт таппаған ата-ана таңнан кешке дейін жұмыспен жүріп, баланың не жеп, не ішіп, кіммен дос болып, сабағын қалай оқып жүргенінен бейхабар. Сырттан жылдам пісетін, әрі тойымды деп есептейтін фаст-фуд, гамбургер, картоп фриі, пицца т.б. тағамдарды таңдайтын балалардың ағзасы үшін өте қауіпті екенін біліп жүрсе екен дейміз.
Мамандардың айтуы бойынша – фаст-фуд әдеттенуді туғызады, көбінесе балалар мен жасөспірімдерде. Осындай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп, ал дәрумендер мүлдем жоқ. Ал ол несімен қауіпті десек, фаст-фуд тағамдарын дайындау барысында маргарин көп мөлшерде қолданылады. Маргариннің құрамында жасанды өнім, яғни транс майлар көп. Кейбіреулер фаст-фудтың денсаулыққа зиян екенін біле тұра, одан бас тартпайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жағдай адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке әкеп соқтырады. Өйткені, аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады екен.
Соңғы кезде «фаст-фуд» өнімдерінің көбеюі де көп адамды семіздік дертіне ұшыратып жатқанын байқай бермейміз. Иісі мұрын жаратын әрі тез дайындалған тағаммен жүрек жалғап алуға үлкен-кішінің бәрі құмар.
Диетолог-дәрігерлер семіздікке апаратын «қауіпті» тағамдарды атап өтті. Бірініші орында тәтті газды сусындар. Шөл басу үшін емес, қайта шөлдетіп, қайта-қайта ішуге мәжбүрлейтін құтыдағы бұл сусындардың құрамында қант шектен тыс көп. Бір стақан коланың өзінде 5 шай қасық қант, ал бір литр колада 25 шай қасық немесе 125 грамм қант болады екен.
Донер-кебабтарға қоса гамбургер, хот-дог, гриль, поп-корн, түрлі қытырлақтар (чипсы, кириешки) картоп фриі, қақталған шұжық секілді тағамдар өте жоғары температурада дайындалады. Дәл осы тағамдарды ұзақ күнделікті пайдалану салдарынан асқазан жарасы, созылмалы гастрит, өттің толуы, ұйқы безінің қабынуы, жүрек-қан тамыр аурулары, семіздік пайда болатыны, әсіресе ас қорыту жолдарына өте зиян екені анықталған.
— Ай сайын «Мөлдір бұлақ» журналын асыға күтемін, оқимын, — деген сол кішкентай бала, қазірде дәл осы санын қолына ұстап, беттерін ақтарып оқып, аз да болса өзіне жақсы мағлұмат алып отырған болар деген сенімдемін…

Адина ЕРКАРАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *