Көңіл сұраса, не береді?

9bet_f2Балаларым ержетіп келеді. Оларға ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, рәміздерімізді ауызша айтып түсіндіргенше, әрқайсысының  ретін көзімен көріп, санасына сіңірсін деп, баратын жерлерге өзін ерте шығамын. Мұны біреулер қолдайды, енді біреулері:
— Салпаңдатып  ұл-қызыңды ертіп алыпсың ғой, сығандарға ұқсап, — дейді.
Кім не айтса да өзім бұл ісімді дұрыс санаймын. Жақында ұлыма:
— Біздің отбасының ең жақын адамы ауруханаға түсіп қалыпты. Көңілін сұрап қайтайық. Тамақ салған сөмкелерді бірге көтеріспесең, өзім қиналып қалатын сияқтымын — дедім. Ұлым жол жүреміз, қонаққа барамыз десең, зіл батпан болса да жүк көтеруден қашпайды. Бірден келісті.
— Ана, ауруханада тамақ бермей ме, мұның бәрі қанша күнге жетеді? — деді ұлым сөмкелерді көтеріп жатып.
— Ұлым, аурухананың өз тамағы бар. Бірақ, үйден апарған тамаққа жетпейді ғой.
— Мен лагерьде демалғанда, кеспе, қырыққабаттан жалығып кеттім. Сонда сіздің тамағыңызды сағынып жүрдім.
— Көрдің бе, ұлым. Әркімнің туған үйіне, дастарқанына тең  келетін нәрсе жоқ. Еш уақытта ұнамаған тамақтан жалықтым деп айтпа, балам, кесір болады.  Алдына келген асқа айтқан бір ауыз артық сөзің үшін қырсық шалса, жаман болады. Алла кесір мен кесапаттықтан сақтасын.
Баламмен осы тақырыптарда әңгімелесіп, ауруханаға жеттік. Науқас адаммен көрісіп, көңілін сұрап, тез айығып бала-шағасына оралуына тілектестік білдіріп, кері қайттық. Ұлым маған бір нәрсе айтатын сыңай танытып қайта-қайта қарайды. Мазасызданып кеткен соң, жөнін сұрадым.
— Сіз тәтейдің көңілін сұраймын деп едіңіз, не алдыңыз?- демесі бар ма.
— Ақымағым-ай, адамның көңілін сұрағанда, ешнәрсе алмайды. Жаңа біз тәтейдің денсаулығын сұрадық. Халін білдік. Жақсы тілек айттық. Біздің келгенімізге кәдімгідей қуанып қалды.
— Естідің бе? Алла разы болсын деп көңілденіп кетті. Біздің барғанымызды «көңіл сұрау» дейді. Ауырған адамның көңілін сұраса, сұрай барған адамға Алладан сауабы болады дейді.
— Бірден солай деп айтпайсыз ба,- деп ұлым басын изеді.
— Балам, ауру жас талғамайды. Яғни, жасы үлкен адам да, бала да жиі сырқаттанады. Сондықтан, өзіңе жақын адамдардың, мысалы бірге оқитын сыныптасың, көшеде бірге ойнайтын балалардың біреуі, подьездегі көршің ауырса, сәлемдесіп үйіне барып,көңілін сұрасаң, өте сауапты бір іс істегенің болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *