«Аққудың қанатымен күй күмбірлеткен»

Динара-Динзухра ТІЛЕНДИЕВА,
«Отырар сазы» оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі:

 

 

Әкемнің жолы болған адам
ТІЛЕНДИЕВ Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуірде, Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келген. Композитор, дирижер, домбырашы. Қазақстанның (1975) және КСРО (1984) халық артисі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық Қаһарманы. «Отан», екі рет Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған.
Екінші дүние жүзілік соғысқа қатысқан.
1949-50 жылдарында Алматы консерватория-сында (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы), 1950-52 жылдары Мәскеу консерваториясын (профессор Н.П.Аносовтың класы бойынша) оқыды. 1952-61 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының дирижері, 1960-64 жылдары Қазақ академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болып қызмет атқарды.
Н.Тілендиев Қазақ академиялық фольклор-лық-этнографиялық халық музыкалық аспаптары «Отырар сазы» оркестрін Қазақ филармониясы жанынан 1980 жылы ұйымдастырды. Алғаш шағын ансамбль ретінде жұмыс істеді, ал 1982 жылдан оркестр болып құрылып, күні бүгінге дейін композитордың қызы Динараның жетекшілігімен халық алдында өнер көрсетуде.
Қазақ музыкасында өшпес із қалдырған Нұрғиса ағамыз 1998 жылы дүниеден өтті. Өзінің өтініші бойынша жүз жасаған жыр алыбы Жамбыл бабамыздың кесенесі жанына жерленді. Зират жанында қазақ сазының сайыпқарынына арналған ескерткіш бой көтерген.

Әке аманатының орындалғаны
Ес білгелі шығармашылығымен сусындаған-дықтан әкемдей болуға талпынатынмын. Арманы көп болатын. Енді ойласам, оның арманы оркестрді шашыратпай, жылдарға жалғастырып, өнерімен халықты тәнті ету екен. Орындалмаған арманының бірі — менің домбыра сыныбына баруым еді. Ол үнемі:
— Динараға домбыраны өзім үйретемін, — дейтін.
8-сыныптағы кезімде әкем 73-ке қараған шағында қайтыс болды. Сол жылы өз-өзінен қолым домбыраға қарай созылды. 9- сыныпта домбыра сыныбына бардым. Содан кейін үш-төрт ай өтті ме, есімде жоқ, саусақтарым домбыраның күйіне келе бастады. Дереу аспапты қолыма алып, бір күйді ойнай бастадым. Жаздың орта кезі болса керек. Анам ас үйде жемістерден тосап қайнатып, банкілерге толтырып жатқан еді. Анам:
— Қызым, домбыраңнан керемет күй төгілді ғой,-деп шаттанып кетті.
Дәл сол сәтте әкемнің орындалмаған арманы — маған домбыра үйрету еді ғой. Соған орай алғашқы күйімді «Орындалмаған арман» деп атадым. Кейін келе домбырада ойнаймын, оркестрді басқару бақыты бұйырды. Бірнеше күйлерім-ді шығардым. Оның ішінде анама «Қуаныш» күйімді арнадым. Әке аманатын орындап келемін деп күйдің атауын өзгертіп «Арман» дедім. Әзірге оркестрге түсірмедім. Оның да сәті туады деп сенемін. 4-сыныпта

оркестрмен бірге Моцарттың 8- концертін орындадым. Бұл үлкен шығарма. Ұстазым ғана емес, әкемнің қатты толқығанын байқадым. Өйткені, әкем сол шығармаға жетекшілік етті.

Ағаммен өткізген балалығым
Өзімнен 9 жас үлкен Данияр есімді ағам бар еді… Әкем дүние салғаннан кейін ол да бақилық болды.
Екеуіміз үнемі бірге жүретінбіз. Ағаммен бірге жүрсем, оның достары әуелі мені ұл деп қалатын. Біз жеміс ағаштарына өрмелеп шығып, енді түйін салған көк алма, өрік жейтінбіз. Шатырдың үстіне шығып, кептерлерді ұшырып, қызықтайтынбыз. Асық ойнап, рогатканы қолымнан түсірмейтінмін. Үйге кіргенде де бір-бірімізбен алысып, асыр салып ойнайтынбыз. Өте бауырмал болып өстік. Қимас сәттер артта қалды.

Скрипканы қатты ұнаттым
К. Байсейітова атындағы музыка мектебіне анам жетектеп алып келді. Онда орта білім мен музыка қатар оқытылады. Ұстаздар келіп, менің саусақтарыма қарап, скрипка ойнауға лайық. Музыкалық есту қабілетімді де жоғары деді. Аспап маған қатты ұнады. Кішкентай жастықшасы бар. Анам екеуіміздің қуанышымыз қойнымызға сыймай, әкеме хабарластық.
— Ешқандай скрипка емес, фортапьяно сыныбына барады, — деп кесіп айтты.
Анам біраз айтыса келе:
— Қызым, әкеңнің айтқаны жөн, — деп мені фортапьяно сыныбына ауыстырды.
12 жылдық білім алған соң, Құрманғазы атын-дағы Ұлттық консерваториясының «Құрмет» орденінің иегері Төлепберген Әбдірашевтың дирижер сыныбын бітірдім. Анам Дариға Тілендікеліні — ҚР еңбек сіңірген әртісі. Қызым Даяна 2-сыныпта, К.Байсейітова атындағы дарын-ды балаларға арналған музыка мектебінде оқиды.
Оркестр маған жат емес. Оркестр құрамында-ғы аға-әпкелерімді кішкентайымнан білемін. Сол себепті олар мені жылы қарсы алды. Бір жыл тынбай жұмыс істеген соң, оркестрге деген құштарлығымды байқаған ұжым жетекшілікке лайық баға берді. Құдайға шүкір деп айтамын, сыйластығымыз ұзағынан болғай деп тілеймін.

Менің де арманым
Бүгінгі балаларымыз жастайынан ұлттық музыкаға жаны жақын болып ержетсе екен деп тілеймін. Фольклор бізге ата-бабамыздан жетті. Эстраданың жөні бөлек. Қазіргі жастарымыз эстраданы жақсы көреді, әнші болуды армандайды. Қадамына гүл бітсін! Қалай айтсақ та, ұлттық сазға жетер әуен жоқ. Бұдан оркестрдың тыңдарманы жоқ екен деген пікір тумаса керек. Концертімізге жастар көп келеді. Бірақ, ұлттық музыка әрбір қазақтың қанында ойнап тұрса, бір ғанибет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *