Қызыл шұбар жолбарыс

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы:

Екі салт атты езуін кере ағып жатқан Іле өзенінің жағасын құлдилай төмен кетіп барады. Өзен бойы баланың білегіндей ұйысқан қалың қамыс, уызданып жапырақ жая бастаған көке тал-шілік.
Жамбыл төңірекке құшырлана көз салады, бәрі қызық, таңсық. Көңілі әлдеқайда алып ұшады. Мына ақын ағасына мың да бір рақмет, сол кісі ғой осы сапарға ертіп шыққан.
Сүйінбай әкесін шақырып алып:
— Жапа, Жамбылды маған биылғы жазға бер. Анау көптен көрмеген Іле, Балқаш бойындағы нағашыларымды аралатайын. Ел көрсін, жер танысын, – дегенде, әкесі жер шұқылап отырып әзер көнген, шешесі мұны естіп мәре-сәре қуанды.
Ұзататын қыздай жасандырып, киіндіріп, ер-тұрманын әспеттеп, аткөрпесін өрнектеп жаңадан тікті.
Ауылдан шыққалы қастарынан әнші-жыршылар үзілмей, айдыны асқан аруақты ақын түнеген үй жыр базарына айналды. Өздерінен бұрын дабысы жеткен ел құлақтанып, күндік жерден құрметпен күтіп алып, топ-тобымен шығарып салатын болды.
Сүйінбай бүгін ғана жанына ешкімді ертпеді. Қызыл шырайлы жүзі қалың ой құшағында, атын тебініп қатарына қанша келсе де ақын балаға қарап үндемейді, тіпті жалғыз келе жатқан сияқты.
Сабаудай-сабаудай нар қамыс арасындағы сүрлеу жол тасып жатқан өзенді бірде көрсетіп, бірде көрсетпей сай-сайды қуалай келіп, бірде қия тартып әкетеді. Қалың талға келгенде ақын атынан түсіп, күнбатыс иекке қарай жаяу тартты. Жамбыл да ентелей соңынан ерді. Қамыс іші су-су етеді, біраз жүрген соң тершіп сала берді. Алдарынан үлкен алаңқай кездесті, ортасы дөңгеленген құба дөң. Жақындап келгенде байқады, дөңес үсті жыпырлаған бейіттер.
— Кел, Жамбыл, Құран оқиын, – деп Сүйекең мақпал мақаммен бастап кетті.
Кенет анадай жердегі байлаулы тұрған аттары осқырына үркіп, шылбырын үзіп кете жаздап, аспанға секіріп, тыпырлады. Тура қарсы алдарынан үкілерін желбіреткен қалың қорыс-нуды қақ жарып, ұзын керілген қып-қызыл жолбарыс шыға келді.
Жамбыл шошына селк етіп, сілейіп, көзі бақшиып отырды да қалды. Сүйінбай ағасына көзі шарасынан шыға қарап еді, ол кісі сол маужырап құранын оқыған қалпы, тіпті даусында сол өзгеріс жоқ. Бұған ол елжірей, мейірлене бір қарап алып, көз қиығымен «үндеме, тыныш отыр» дегендей ым білдірді. Әлгі қан қызыл нән жолбарыстың соңынан құйтақандай шөнжігі жүгіріп шықты да, енесіне еркелей ары-бері шапқылай бастады. Кейде енесінің бауырына кіріп, кейде бұларға сәл-пәл қарап тұрады да, ешбір алаңсыз қайта асыр салады.
Құран оқып бітіп, беттерін сипай бергенде ғана, керістей керілген жолбарыс аспанға қарап рақаттана есінеді, шөнжігін ерткен бойы қамыс ішіне кіріп кетті.
Жамбыл үш ұмтылып барып орнынан әзер тұрды. Сүйекең келіп таңдайын көтеріп еді, бойы жеңілдеп сала берді.
— Жүр, балам, саған мүйізді Өтеген батырдың бейітін көрсетейін, – деп, дөңестің орта шетіндегі мүрдеден бір шымшым топырақ алып, сыртқа тастады. – Міне, батыр Өтекеңнің жатқан жері. Бекер адамға бақ қонбайды, балам. Бақ қонған кісі – әулие, көріпкел болады. Мына әңгімеге құлақ салшы. Жарықтық, аруағыңнан айналайын Өтеген, Райымбек, Қабан, Қараш – төрт батыр Өтегеннің, үйінде отырады. Райымбек пен Өтеген құрдас, Қараш ең кішісі, ал Қабан бәрінен үлкен екен. Сонда үшеуі тұрып:
— Қабан аға, бәрімізден үлкенсіз, көпті көріп, көпті білдіңіз. Құдайға шүкір, тәубә, тірлігімізде құрметті аз көрмедік. Ал, енді өлгенде жайымыз не болады, қайсымыз қайда боламыз? Соны айтыңызшы, – деп сұрап қоймапты.
Сонда Қабан айтыпты дейді:
— Обалым атымды Қабан қойғанға болсын. О дүниеге кеткен соң, бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қаламын. Үш күн тәнім жерде жатады, үш күннен кейін табылмайды. Ал, Өтеген, сенің жайлы жылы мінезің бар еді, жылжып аққан үлкен судың жағасында қаласың. Бірақ күннің-күнінде, түптің түбінде ол жерден де жылжисың. Райымбек, сен туғаннан көпшіл ең, қиямет қайымға дейін басыңнан салдыр-гүлдір кетпейтін үлкен жолдың жағасында қаласың. Қараш, сен өмірі қырғыздарды Алатаудың теріскейіне асырмаушы ең, еліңе айбын боп, қырғыз-қазақ ортасында, үлкен таудың етегінде жатасың,– депті жарықтық. Міне, мынау сол мүйізді Өтеген батырдың бейіті, Әулие демей көр, Қабекеңнің айтқаны – тұп-тура келді.
— Жүр, балам, аттанайық! – Етектерін қағып, жақындағанда байқады, аттарының құлақ түбіне дейін қара тер көміп, су боп кетіпті.
— Аға, жаңа сіз жолбарысты көрдіңіз бе? – деді Жамбыл ақын ол жайлы үндемей, түк болмағандай сыңай танытқан соң, шыдамы таусылып.
Сүрлеу жолға түсіп, қамыс арасынан шыққан соң аттары пырылдап қойып, жайлы жүріске салды. Өзен жақтан салқын самал еседі. Ақын әлі үндемейді, не ойлап келеді? Әлде Жамбылдың көзіне елестеді ме екен? Қалайша, өз көзімен көрді ғой. Аттар да жаны шығып, қара терге түсіпті. Ал, ақынның оған тіптен селт етпей, құранын тұтас оқып бітіп, одан кейін де байқамағаны қалай?
— Аға, Өтеген батыр дастаныңыздағы батыр Өтеген осы кісі ғой?
— Иә, қарағым. Мұндай елі үшін жанын шүберекке түйген батырды мың күн талмай жырласаң да артық емес. Осы әулие, ата-баба, атақты абыз-батырлардың аруағы ғой мені жебеп, қорғап жүрген. Саған бір әңгіме айтайын. Есіңе ұста, берік сақта. Алла жар болса, мұның бәрі кеудеге қонар жырың болар, басыңа қонар құсың болар. Жақсылап, көкейіңе қондырып тыңдап ал, қарағым…
Сар желіп екі ат қатарласа берді.
Иә, жаратқан ием! Мұхамбеттің үмбеті – Қарасай баба әруағы қолдай гөр! – деп бір қойды. Жүзі шамырқанып, іштей толқулы. – Сен Қарасай бабаның кім екенін білесің бе? – Жамбыл ақын сөзін бөлмей тыңдауды жөн көріп, тіс жармады. – Қарасай баба біздің елдің аты ұранға айналған баһадүр батыры. Бүкіл қазақ елінің төрт бұрышын өзінің серіктерімен тізе қосып, корғаған, аты аңызға айналған қасиетті кісі. Киелі жанға ғана – бақ қонады. Бақ қонған, қызыр шалған адам батыр болып қол бастайды, ақын болып сөз бастайды, көсем болып ел бастайды. Біздің елдің киесі, пірі – қызыл шұбар жолбарыс.
— Қарасайдың әкесі – Алтынайды ел абыз деп атайды екен. Абыз дегені – көріпкел, айтқаны келген әулие деген сөз. Қарасай ірі денелі, орасан зор күш иесі, көзі шоқша жайнаған алғыр бопты. Ірілігі сонша, бір өгіздің терісі екі аяғына етік тігіп беруге әзер жетеді екен. Қарасай он алтыға толғанда, әкесі шақырып алып айтыпты:
— Құдайға шүкір, алдыма он сан көк ала жылқы бітті. Бірақ биыл әлемет жұт болады. Сен жаныңа қарулы жігіттерді таңдап ал да, жылқыларды алдыңа салып, өрістетіп жай да отыр. Жылқы малы өте кірпияз, алдын қайырма, өрісін де, қонысын да өзі табады, – дейді.
Қар кісі бойынан асып, қақаған қыс ұзаққа созылып, ақ сүйек жұттан елдің тігерге тұяғы қалмай қырылады. Күн жылына көктеуге, жазғысалым ел жайлауға көше алмай қалады. Сол кезде алдына салып берген биелерін құлындатып, қарасын бұрынғыдан да молайтып, алалы жылқыны кайыстыра шұрқыратып дін аман айдап, Қарасай елге оралады.
Алтынай абыз Қарасайды шақырып алып:
— Қойды серке бастар, тойды ерке бастар, ал елді ханием – желке бастар деген. Ел басқарған ханиеміздің малы түгел қырылып, хан ордасынан көше алмай, ескі жұрт-қыстауында қи сасып отырып қалды. Ол да алты атасынан бері қыдыр дарыған, қызыр шалған атаның баласы болатын, жерге қаратпайық. Мына жылқының қақ жартысын ханға сыйла, апарып бер! — депті.

(Жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *