Аяулым Тойбазар, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетінің II курс студенті: Жастардың рухани бастауы

Жан сарайыңды рухани дүниемен байытып, асқақ армандарға жетелеуді мақсат еткен «Мөлдір бұлақ» журналы жас жеткіншектеріміздің жан серігіне айналып, жас дарындарға жол көрсетер шамшырақ болып келе жатқанын зор мақтанышпен айта аламын. Журнал әрбір оқырманның көмекшісі, рухани бойтұмарына айналды. «Мөлдір бұлақ» — жас буынның жарқын болашағы. Жастардың жарқын болашағына қосып жатқан ерен еңбектеріне куәміз. Тынымсыз еңбек етіп, өмірдің қилы қадыр-қасиеті мен болмыс-бағдары жайында өнегелі өсиеттер мен ғибратты әңгімелерді өрелей өріп, халқына сабақ болар тағылымдық тәрбиеге үндеп келеді. Бұл басылым ұлттық тәрбиеміздің бастау — бұлағы дер едім. Жас ұрпақтың санасын оятар, тарих қойнауын тануға, елін-жерін сүюге ұйытқы болар мақалалар лек-легімен жарық көруде. Баланың ой-өрісін, қарым-қабілетін танып-білу мақсатында ұйымдастырылатын түрлі ой-жарыс, пікірталас, бәйге-байқаулары тағы бар. «Мөлдір бұлақ» қашанда жаңалықтың жаршысы болып, жетістіктерді алғаш болып жеткізуге тырысатын бірден-бір таптырмас журнал деп білемін. Менің шығармашылыққа деген ынтамды оятқан да осы журнал. Бірнеше жылдар бойы осы журналды серік етіп, оқырманы болдым, жас тілшісі болдым. Бәйгелерге қатысып, жүлдегер атандым. «Мөлдір бұлақ» — жас оқырмандардың рухани бастауы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *