Айнұр Төлеу, журналист: Менің бұлағымды “Мөлдір бұлақ “ ашқан

Мен “Мөлдір бұлақ” журналының тұңғыш жас тілшісімін. Журналдың бірінші күнінен бастап, бүгінге дейінгі әрбір қадамы көз алдымда. Менің шығармашылыққа деген қабілетімді байқай білген журналдың ұжымы бір материалым шыққан соң, тапсырма беріп тұратын болды. Айлық стипендия тағайындады. Осылайша мен тоғызыншы сыныпта “Мөлдір бұлақ” пен “Қазақстан-Заманға” шыққан мақалаларым үшін қаламақы мен степендия алып тұратынмын. Машинаны ойлап табудан, дөңгелекті ойлап табу қиын болған. Дөңгелек ойлап табылған соң, дөңгелене жөнелетін барлық заттар қолданысқа енді. Дәл сол секілді менің журналистік қабілетімді ең бірінші болып байқаған сол кездегі журнал ұжымына менің алғысым шексіз. Бұл күнде “Мөлдір бұлақ” менің балаларымның сүйікті журналына айналған. Олар бүгінде таласып оқитын журналдарының тарихи сәтінде аналары да бірге болғанын білмейді де. Балаларға арналған сапалы журнал сол кезде “Мөлдір бұлақ” болатын. Әлі де солай. Алдына арғымақ салмай, дамып келе жатыр. Қазіргі журналитикада жүрген Ақбота Орынбаева, Қанат Әбілқайыр, Мейрамгүл Мәдәлі сынды журналистермен бірге сол кезде “Жас тілші” атанғанымды өлшеусіз бақыт санаймын. Біз сабақтан қолымыз қалт етсе, “Мөлдір бұлақтың” ұжымына асығып тұратынбыз, Жас тілшілер пікір алмасатынбыз, материалдарымызды талқылайтынбыз.  Менің бұлағымды “Мөлдір бұлақ” ашқан.

ПІКІР ЖАЗУ