Айбек ЖАНСЕЙТОВ, әнші: «Жігітке жеті өнер де аз»

Бүгінде Бүркіт пен Аишаны танымайтын бала жоқ шығар. Кездесулерде, дуэт болып, әншілерге еліктеп ән шырқаған жасөспірімдерге қошемет білдірген кезіміз жиі болды. Балалар журналынан әнші Бүркіт есімімен танылған Айбек ағамызға хабарласқанымызда, ешбір сылтау айтпай сұхбат беруге бірден келісті. Әр өнер адамы Айбек ағамыздай шынайы патриот болса, қане?!

– Айбек аға, өнер жолына қалай келдіңіз?
– Бала күнімізде әлімізше күй шертіп, ақындар айтысына қатысқанбыз. 1997 жылдан бастап эстрада бағытына ауыстым. Бурабайда әскери борышымды өтеп жүрген кезім болатын. «Нұрсат» деген музыкалық топ құрдық. Ол топ әлі де бар. 2002 жылы Алматыға келіп, Евгений Жағалтаев деген бұрынғы продюсеріммен жұмысты бастадым. Осылайша өнер жолында өнерімді жетелеп келемін.
– Сіз шетелдерде түсіріп келген бейнебаяндарды өзіңіз монтаждайды екенсіз…
– Техникалық жұмыс жасап, өз бейнебаяным-ды өз қиялыммен монтаж жасау менің қызығушылығым. Бірақ, мен техниканы бес саусақтай білемін деп айта алмаймын. Бейнебаянды монтаж жасауға басқа да мамандардың көмегіне жүгінетін кездер де болады. Тек қосатын, алатын жерлерін қадағалап отырамын.
– Шетелге жеке гастрольдік сапармен шықтыңыздар ма? Онда сізді тыңдаған қандастарымыз болды ма?
– Біз тек Түрік елінде ғана жеке концерт бердік. Ол жерде тек біздің қазақ бауырларымыз ғана болған жоқ. Өзге де ұлттар келіп біздің әнімізді ұйып тыңдады. Ол елдің халықтарының бізге деген ықыласы өте керемет екенін аңғардық. Алдағы уакытта жырақта жүрген қандастарымызға концерт қою жоспарда бар.
– Сіздердің орындап жүрген әндеріңіз жастардың сүйіп тыңдайтын және де билеуге ыңғайлы ән болғанымен, оның түпкі мағынасында патриоттық тәрбие байқалады. Бұл кімнің идеясы?
– Мен алғаш сахна төріне шыға бастаған кезде, орысша әндерді көп айтатынмын. Сол кездері мені «Ресейден келген әнші екен» деп те айтып жүрді. Содан кейін, мен шет елдерге гастрольдік сапармен шыға бастадым, ол жерлердегі тыңдарманым менен өз ана тілімдегі әнді орындап беруімді сұрады. Мен өзімнің репертуарымда бірде-бір қазақша әннің болмағанына қатты ұялдым. Түрік елінің танымал хиттерін тыңдап отырсам, бәрі де өздерінің ана тілінде сайрап тұр. Осы уақыттан бастап мен ойлана бастадым. Қазақтың керемет әндерін неге хит етпеске?! Міне, 5-6 жылдан бері тек қазақ тіліндегі әндерді орындап келемін. Біздің орындауымыздағы бірнеше ән қазақ жастарының арасында хит болып та үлгерді.
– Қазақстанда бүгінгі шоу-бизнестің ахуалы қандай?
– Біздің елімізде шоу-бизнес өте жылдам дамып келе жатыр. Бүгінде әншілеріміз де көбейіп келеді. Себебі, халықтың сұранысы артқан сайын, әртүрлі жанрда ән айтатын әншілеріміз ортамызда бой көтеруде.
– Айбек аға, «Жігітке жеті өнер де аз» деп бекер айтпаған болар. Сізді әнші ғана емес, актерлік қабілетіңізді де кинодан көрдік, бизнес саласынан да орны бар тұлға деп білеміз.
– 2006 жылғы «Жаным садаға» атты фильмде басты рөлді сомдадым, «Меч Махамбета» атты фильмнің пилотын түсіруге қатыстым. Сонымен қатар, «Удивительная история» атты мюзикл-фильмінде де ойнадым. Дегенмен де, маған актерлік өнерден гөрі әншілік өнер бір табан жақындау болды. Сондықтан да болар менің актерлік өнерден бір жолата алыстағаным.
– Аяулы жарыңызбен бейнебаян түсіруге шетелдің керемет жерлерін таңдайсыздар…
– Біз енді барлық клиптерімізді шетелде түсіре бермейміз. Біріншіден, орындалатын әнге байланысты. Егер өлең туған жер туралы болса, онда біз бейнебаянды туған өлкеміз, кең байтақ жеріміз Қазақстанда түсіреміз. Сондай-ақ, біздің репертуарымыздағы әндердің көпшілігі билеуге икемді немесе батыс елдерінің ырғағы басым болса, шет мемлекетке демалуға барғанда, бейнебаянды да түсіре келеміз. Ал, біздің мақсатымыз, өзіміздің тыңдарманымызға әрдайым тосын сый жасап отыру болып табылады.
— Концерттік бағдарламаларда шетелдік дизайнерлер тіккен киім үлгілерінен аласыздар ма? Әлде, келіншегіңіз Аиша ханымның дизайнерлік қабілеттілігі бойынша тіктіресіздер ме?
– Біз шетелдік киімдерге көп қызыға бермейміз. Оларды арнайы іздеп жүріп те сатып алмаймыз. Бірақ, әрбір әнге сәйкес етіп таңдауға тырысамыз. Менің жаныма әрі стиліме жакыны – классика. Ал, Аиша сахналық киімді өзі таңдайды немесе тіктіреді.
– Танымал адамдардың жеке өмірі әрдайым қарапайым халық тарапынан қызығушылық тудыратыны анық…
– Отбасымызда төрт ағайындымыз. Екі ағам, бір әпкем бар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ата-бабамыз бекер айтпаған болар. Менің әкем ҚР ІІМ отставкадағы полиция полковнигі. Әкем әскери адам болғандықтан, бізге де әскери тәрбие берді. Осындай тәрбиенің арқасында мен нағыз ержігітке сай үлгі-өнеге алдым. Сондықтан да болар, менің өмірдегі ұстанымым, бастаған істі соңына дейін жеткізу, артық сөйлеп, бос сөзге ерік бермеудің қалыптасқаны. Ер адам үшін ең басты – отбасы. Егер, отбасында ынтымақ болса, онда жұмысыңда да берекелі болады.
– Ең үлкен қуаныштарыңыз — ұлды болдыңыздар. Оқырманмен осы қуанышыңызды бөлісе отырсаңыз.
– Әрине, бұл біз үшін үлкен қуаныштың бірі. Қараша айының 8 жұлдызында дүниеге Зейін есімді ұлымыз келді. Бұл енді менің бірінші нәрестем, сондықтан ұлымның есімін туған-туыстарым қойды. Мен үшін ең алғашқы орында отбасым тұрады. Басты жауапкершілік ұлымның тәрбиесі, ал үйдің шаруасы әйелімнің мойнында. Сондықтан Аиша көп қолы босай бермейді.
– Сұхбатыңызға рахмет! Отбасыңызға амандық тілейміз!
Сұхбатты жүргізген: Адина ЕРКАРАЕВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *