Анголаның Қобландысы

Африкада 17 жыл  медицина саласында еңбек еткен дәрігер мен ұстаз Ана тілін ұмытпаған. Шұбарлап сөйлемейді. Басқосуда қызу әңгіме айтылып жатыр. Анголада 17 жыл тұрып, еліне оралған ерлі-зайыпты Даният аға мен Сауле апай ИСАБЕКОВТАР екенінен хабардар болған соң, сөзге тарттық.

Шет тілін біл,
Ана тілді ұмытпа
ДАНИЯТ ЖҮЗБАЙҰЛЫ: — Кеңестер Одағы кезінде дамушы шет мемлекетке достық көмек бағдарламасы бар еді. Сол бағдарлама бойынша Мәскеу қаласында білімімді жетілдіріп, португал тілін үйрендім. Мамандығым — анестезиолог-реаниматолог. Одан кейін қазіргі тілмен айтқанда, сынақ тестінен өттім. Одақ бойынша бір топ отбасы Африканың Ангола Республикасына жол тарттық. Балаларымыз ержетіп кеткен, оларды туған жерімізде ата-анамызға табыстадық. Өйткені, еңбек заңдылығына байланысты жылына бір рет еңбек демалысына шығатын болдық. Анголадағы госпитальге дәрігер болып орналастым. Аураханадан аурухананың еш айырмашылығы жоқ. Орналаса сала қызметіме араласып кеттім.
САУЛЕ ЧЕТТІКБАЙҚЫЗЫ: — Анголаға Франция арқылы ұшып келдік. Біз 1991 жылы бардық. Мен ағылшын тілінің мұғалімімін, соған қарамастан әуелгі кездері қиын болды. Достық көмек бағдарламасымен келген мамандардың бар-лығы арнайы қалашыққа орналастырылды. Ұстаз болғандықтан, ең алдымен анголалық балалардың өміріне үңілдім. Онда да әлеуметтік теңсіздіктер бар екен. Жағдайы нашар отбасының балалары далада ыңғайлы жерге тақта қойып, оқытылады. Балалармен достасып алдым. Олармен араласа келе мен де португал тілін үйрене бастадым. Шетелге шыққанда, тіл білмесек қиналасың.

«Қобланды» есімін естігенде
Сауле ЧЕТТІКБАЙҚЫЗЫ: — Қай халық болса да, үйден жырақта жүргенде, қандастарын іздейтіні бесенеден белгілі. Анголаға барған жалғыз қазақ отбасы біз болдық. Бір жылдан кейін сіңлім келді сол госпитальге. Тіс дәрігері-стоматологқа сұраныс болды. Әбден орналасып алған соң, «Қазақтар бар ма?» деп сұрадық. Бізден бұрын келіп, жұмыс істеп жатқан Лариса есімді украйн қызымен танысып алдық. Сол Қазақстанда туған, Ленинградта жоғары оқу орнын бітірген, анголоидқа тұрмысқа шыққан жалғыз қазақ қызы бар деді. Бірден соны іздедік. Қаланың шетінде үйі бар екен. Бізді құшақ жая қарсы алды. Африкада тұрғанына қарамастан ұлына «Қобланды» есімін беруге әкесі келісіпті. Сонау құрлықта қазақ батырының есімі қанат жаятынына қуандық.

Жылқы етінен кенде болмадық
Сауле ЧЕТТІКБАЙҚЫЗЫ: — Ангола Республикасы-Африканың оңтүстік-батысындағы мемлекет, президенттік респулика. Заң қабылдаушы орган-Ұлттық Ассамблея. Атқарушы билік үкімет қолында. Мемлекеттік тілі-португал тілі. Аграрлы ел. Жер қойнауы кенге бай. Жер қойнауы мұнай, алмазға тұнып жатыр. Экспортқа өнім шығарады. Африканы экватор сызығы қақ ортасынан кесіп өтеді.Солтүстігінде Жерорта теңізі, батысында Атлант мұхиты, шығысын Үнді мұхиты мен Қызыл теңіз сулары қоршап жатыр. Суэц мойнағы арқылы Азиямен жалғасады.
Ауыл және мал шаруашылығымен айналысқандықтан, біздегі мал онда да бар. Етті арнайы дүкендерде сатады. Жылқы еті бар. Мүшелеп емес, тек жұмсақ етін дайындап қояды. Олардың дәстүрінде дастарханы швед үлгісінде. Той-томалақ, туған күн болса, біздегідей әулет мүшелері жиналып, үлкендер бата бермейді. Жылы тілектер айтылмайды.

Туған жердей жер болмас
ДАНИЯТ ЖҮЗБАЙҰЛЫ: — «Қазақ» деген намысымызға тырысып, 17 жыл Анголаны мекен еттік. Бір-екі жылдан кейін Қазақстанға оралсақ та бізге ешкім қарсы болмас еді. Төзімділігімізді, уәдеге беріктігімізді, мамандығымызға адал екенімізді, шетелдеміз деп асқақтамайтындығымызды дәлелдеуге тырыстық. Соған орай, олар да бізді сыйлап, құрметтеді. 2008 жылы елге оралдық. Енді бала-шаға, туған-туыс, немерелермен өмір сүруді Алладан тілейміз.
Әңгімелескен: Ж.Кучукова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *