Шәкәрімнің немересімін

Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері — атақты ақын, Алаш ардақтысы Шәкәрім Құдайбердіұлының немересі Мереке Зиятұлы. Сәті түсіп, атамызбен әңгімелесіп, естеліктер тыңдаған едік. Журнал оқырмандарына текті атаның тұқымы Мереке атаның айтқан сөздерін беруді жөн санадық.
Редакциядан

Бұл мен үшін мәңгілік мақтаныш

Шәкәрім атамның бәйбішесінен Әбусуфиян, Ахметтауфиқ деген екі ұлы болған, кейінгі әйелінен Ғафур, Қабыш, Ахат, Зият деген ұлдары туған. Мен сол кенже баласы Зияттан туған ұрпағымын.
Елде ұлт зиялыларын жаппай қудалау басталғанда Шәкәрім атамыз әкем Зияттарды 1931 жылы Қытайға қарай шекарадан асырып жіберген. Әкем 1938 жылға дейін Қытайда өмір сүрген.
Менің шешеммен шаңырақ көтеріп, екі ұл сүйген. Шешемнің аты-жөні — Мунира Сейітқазықызы. Менің алдымда бір ұл болған екен, ол бала кішкене кезінде шешек ауруынан көз жұмыпты.
Мен 1937 жылы 8 сәуірде Қытайда өмірге келіппін. Әкем Зияттан туа салысыммен, 40 күндей болғанымда айырылыппын. Бар-жоғы жеті жасымда анам сүзек ауруынан қайтыс болды.
Кеңес үкіметі әкем Қытай жеріне көшіп кеткеніне де қарамай, артынан іздеу салып, Қытай үкіметі арқылы байланысып, әкемді ұстатқан екен. Ақыры әкем қанқұйлы саясаттың құрбаны болды. Әке мен шешеден айырылу маған оңайға соқпады. Қиын жағдайда көп күндерім өтті. Туыстардың үйінде тұруға келді. Төрт-ақ сыныптық білім алдым. Одан ары оқудың реті келмеді.
Он алты жасымда Қазақстанға өттім. Әкемнің ағасы Ахаттың қолында тұрып, осы жақтан әскерге бардым, қайтып келген соң қазіргі Талғар ауданы, Бесағаш ауылында қой бақтым. Колхоздың қойын бағып, осы жерден зейнетке шықтым. Өмір бойы жаныма әдебиетті серік етіп келемін. Шәкәрім атаның әр шығармасын мұқият оқимын.
Апаларыңның есімі — Клара. Нұрлан деген ұлымыз, Гауһар, Меруерт, Сәуле деген қыздарымыз бар. Биыл 78 жасқа толдым. Елімізде өткен біраз іс-шараларға қатысып жүрмін. Түрлі жиындарға, конференцияларға, тұсаукесерлерге, кездесулерге мені жиі шақырады. Кейінгі кезде денсаулығыма байланысты үйден көп шыға алмай қалдым…
«Мөлдір бұлақ» журналының ұжымына сәттіліктер мен шығармашылық табыстар тілеймін! Оқырмандарына мықты денсаулық, ізденіс, күш-қуат берсін!
Мереке Зиятұлы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *