Қант пен Тұз

Ас үйде құмшекер мен тұз қатар тұратын. Екеуінің түсі де, ыдысы да бірдей. Қант өзінің тәттілігін, тұзға қарағанда бағасының қымбаттығын мақтан ететін. Қашаннан қасындағы тұзды менсінбей, кемсітіп, тиісіп сөйлеуге бейім. Алайда тұз оның артық-ауыс сөзіне көңіл аудармайды.
— Мен болмасам, жұрт тіпті шәй де іше алмайды, — дейтін қант таңертең ояна сала.
— Мен болмасам, балалар жейтін балмұздақтар су татып тұрар еді! —
деп күпінетін түс кезінде.
— Мен болмасам, той дастарханы-на қоятын тортқа не қосар еді! — деп кеудесін ұрушы еді кешкісін.
— Жеміс тосабын қайнатарда жұрт удай ащы сені емес, тәп-тәтті мені міндетті түрде іздейді!.. — деп ыңыранатын түн ортасында.
Қақсай берген қанттан әбден мезі болған тұз ақыры жұрт көзіне түспейтін бір қалтарыс жерге орын ауыстырды.
Ертеңіне үй иесі соғым сойды. Тау-тау боп үйілген мол етке себер тұз таппай, ол ас үйдің астаң-кестеңін шығарды.
— Құдай-ау, тұз үнемі осы жерде тұратын еді ғой. Аспанға ұшып кетті ме?! Дүкендер жабылып қалды. Ертеңге дейін ет бұзылып кететін болды! — деп жыларман болды.
Қайта-қайта қолына іліге берген құмшекерге ашулана қараған ол әйеліне:
— Мынау қанттың көзін құрт! Балалардың ауызын уылтқаннан басқа пайдасы жоқ… Қантты ғалымдар бекер «ақ ажал» деп атамайды. Бұдан былай дастарханға мейіз бен кепкен өрік, бал қоятын бол. Табиғи тағамдар ғана денсаулыққа пайдалы, — деді.
Шкафтың бір бұрышында тығылып жатқан тұзды тауып алған үй иесі:
— Бар астың дәмін келтірер тұз болмаса, қалай өмір сүрер ек! Бағасы арзан болғанымен, бұдан қадырлы не бар шіркін! — деп жүрегі жарыла қатты қуанды.
Заря Жұманова,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ПІКІР ЖАЗУ