«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа…»

Ұлы Абай Құнанабайұлының 170 жылдық торқалы тойын арналған бәйге жеңімпаздарын мараттаған соң, Абай еліне жол тарттық. Алматы –Семей поезымен жүйткіп отырып, темір жол вокзалына түстік.
«Қарауыл» ауылына жүретін көлікті тауып, отырдық. Семей қаласынан 182 шақырым қашықтықта жатқан ауыл. Жолсерігіміз Кеңгірбай ауылының тұрғыны — Болат Машрапов. Шыңғыстауды мекен еткен қазақтардың тарихын сыр етіп айтып келе жатқанымызда, «Семей-Қарауыл» тас жолының 54 шақырымына келіп қалыппыз.

Бұлақ басында
— Келген меймандарымызды «Күшікбай» бұлағынан сусындатамыз, — деп көлік басын бұрды.
Жердің кез-келген тұсы киелі деп есептеледі, сондықтан әр басқан қадамды «Бисмиллә» деп аттаймыз.
Күшікбай — ХVШ ғасырдың соңында өмір сүрген хас батыр. Елі мен жерін жаудан қорғаудағы шайқаста 21 жасында ерлікпен қаза тапқан.
Бұлақтан сусындап, асфальт жолға шықтық. Жолдың оң жағындағы тау басына қойылған батыр зиратына дұға оқыдық.
Абай елі дегенде оқырмандарымыз бірден Еңлік-Кебекті түсіреді есіне. Ғашықтардың мәңгілік мекені қасына келіп, Құран бағыштадық. Абай атамыздың:
— Көп жасамай көк орған,
Жарасы үлкен жас өлім, —
деген өлең жолдары Қарауылға ат басын бұрған әр адамға ой салады. Түс ауа Қарауылға тоқтадық.
Қарауылда
Келе Абай ауданының әкімі МҮСӘПІРБЕКОВ Тұрсынғазы Жантұяқұлының қабылдауына кірдік. Абай Құнанбайұлының 170 жылдығына байланысты «Мөлдір бұлақ» журналының атқарған жұмыстары жайлы қысқаша атап өттік.
— Өткен ғасырда Абай атамыз жастар мен балалар тәрбиесі туралы өлеңдерінде, «Қара сөздерінде» атап өткен. Біз — бүгін қандай игілікті іс атқарсақ, оның жемісін теретін өскелең ұрпағымыз, — дей келе аудандағы іс-шараға тоқталды. — Абай тойы басталып кетті. Бір күн бұрын «Құнанбай» фильмінің тұсаукесері өтті. Аудан халқы қажы атамыздың роліндегі Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновпен кездесті.
Досхан ағамыз шығыстың Зайсанынан. Актер журналистерге берген сұқбаттарында:
— Шұбар балақ, шынжыр төс, шонжар Құнанбайды сомдау — арманым. Құнанбай сондай болмаса, Абай туар ма? — деп айтатын.
Сол арманы орындалды.
Қарауылда бүгінгі заманның талабына сай салынған спорт кешені бар. Оған балалардың да көптепе келетінін көрдік. Жастар үйі, демалыс алаңдары, М.Әуезовтің мұражайы орналасқан.

Данагөй қарттың батасы
Елбасына бата берген қарт — Жағыпар Жүнісжанұлының Қарауылдан екенін ақпарат көздерінен хабардар едік. Хабарласып едік, қария сәл сырқаттанып қалғанына қарамастан бізбен кездесуге келіскенін естігенде, қуандық. Үйіне келіп, сәлем бердік. Алматыдан келген журналистер екенімізді білгенде:
— Қандай керемет! Мен де журналистпін,- деп өзі туралы айтып берді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, қарымды қаламгер жасы 90-нан асса да ширақ. Жастардың досы. Олай дейтініміз, қарты бар үйге жастар көп келеді. Батасын алады. Қашанда «Батаменен ер көгерер» деген даналыққа сүйенген халықпыз. Жағыпар ата «Батагөй атаның батасы» жинағын ұсынды. Онда былай деп өз қолымен жазған.
«Жас жеткіншектерге арналған «Мөлдір бұлақ» танымдық журналының редакциясына осы Бата кітабымды ескерткішке сыйлаймын.
Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпақтарын адам-гершілікке, имандылыққа және патриоттық рухта тәрбиелей беріңдер.
Бата — өмірге жолдама, Бата — болашаққа аманат, Бата — ата-баба дәстүрі, қазақ ұрпағын бата беру арқылы тәрбиелеген» — деп жазған батасын көзілдіріксіз оқып берді.
Жағыпар атаға ұзақ ғұмыр, денсаулық тіледік.

Жер кіндігі — Жидебай
Таңсәріде Жидебайға бет алдық. Абай-Шәкә-рім кесенесіне барар жолдың оң бетінде ақынның аналары Зере мен Ұлжанның, Оспанның зиратына барып, бақилық болған әруақтарға Құран бағыштадық. Кесене алдында Жидебай қорығының қызметкері Ерғали Икенов қарсы алды. Таныстықтан соң, мұсылман үрдісімен Абай-Шәкәрім, Шәкәрімнің ұлы Ахат қариялардың рухына бата жасадық. Қорық тарихына қысқаша тоқталды. Ғарыштан зерттегенде жер кіндігі осы Жидебай екені анықталған. Мұны дәлеледейтін тас қойылған. Көзі тірісінде Абайға тиесілі 6400 гектер жер қорыққа айналған. Мұнда сондай-ақ, Ғабитхан кесенесі, Кеңгірбай бидің мазары, Оспан көлі, Мұсақұл мөбесі, Турағұл қыстауы мен Тәкежанның қоныстары орын алған. Шәкәрімнің «Саят қорасының» үлгісіндегі ғимарат бар.

Мұражайда
Абай атамыздың өзі тұрған үйі жаңартылған. Оның өмірі мен шығармашылығынан толық мағлұмат беретін мәдени орталық осы.

Семей қаласынан 180 шақырым, Қарауылдан 25 шақырым жерде орналасқан. Абай қыстауы болған үй 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойында мұражайға айналған. Бірнеше бөлмеден тұратын мұражайға келіп, ондағы мәліметтермен танысқан әр адам керемет рухани қазына арқалап шыққандай күй кешеді.
Қарауылға қайта келіп, Абай және Қарауыл мектептері, спорт кешені ұландарымен кездесу өткіздік. Ақын, Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Төлеген Жанғалиев жетекшілік ететін ақындар мектебінің шәкірттерінің шығармашылығымен таныстық. Заңғар жазушы М.Әуезов мұражайын аралап, көптеген мәліметтерге қанықтық.
Бөріліде

Шыңғыстау етегіндегі Бөрілі ауылында жазушы Мұхтар Әуезовтің дүние есігін ашқан кезде тұрған үйі қазір мұражай. Бүгінге дейін мұнда келушілер саны 72 мыңға таяған. Әуелі олар мұражайдың шығыс бетіндегі Мұхтардың ата-анасы Омархан мен Нұржамалдың зиратына келіп, Құран бағыштайды. Содан кейін мұражаймен танысып, кең мағлұмат алады.

Саят ҚАМШЫГЕР,
Жанастан КУЧУКОВА,
Алматы-Семей-
-Қарауыл-Алматы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *