Өткеніңді ұмытпа

Баяғы өткен заманда, дін мұсылман аманда адамдар жаңаша өмір сүруге ұмтылыпты. Тынымсыз еңбек еткен жандардың отбасылары заманның адамға тарту еткен дүниелерін алуға мүмкіндігі болыпты. Үлкен шаһарларға барып, тауар алып келіп, сауда жасапты. Ұл-қыздары ауылдан ұзап, қалаларда жоғары білім алып, беделді қызметтер атқарыпты. Солардың бірі — етікшінің отбасы екен. Мамандықтардың ішіндегі ең ласы болғанымен, қолма-қол ақша алатын кәсіп. Алайда, ауыл адамдары оның етік, дорба, ат әбзелдерін тігіп берген ақысына ет, май, ұнмен есеп айырысады екен. Ал, оның әйелі адамдардың үйін ақтайды, киімін тігеді. Бау-бақшасына көмектеседі. Оның да қолына ақша алатын күндері өте аз екен. Соған қарамастан, отбасы 9 ұлды өсіріп, мектепте оқытып, одан қала берді кез келген байдың баласының қолы жете бермейтін жоғары оқуға түсуге жол ашты. Бірін-бірі сүйреп білімді азамат болады.
Осылайша, бірінен кейін бірі қалаларға жұмысқа тұрады, үйлі-баранды болады. Біртіндеп, материалдық жағдайы жақсара бастайды. Енді мынаған қараңыз, бір отбасында, бір ата-анадан өрбіген бауырлар бірі-бірімен араласуды қойған. Аға інісін, інісі ағасын іздемек түгілі, ата-анасын есіне алмапты. Тапқан ақшасына мәз болып, балаларына ата-әжең бар дегені болмаса, тіпті олардың суретін көрсетпепті. Өйткені, олар тұрған ауылда суретке түсу мүлде болмаған екен.
Мектепте оқитын балалары есейгенде, немерелері ата-әжесіне барамыз деп айта беріпті. Барлық балалар әсіресе, жазғы демалыста ауылдағы ата-әжесіне барғандығы туралы тамсана айтатын болған.
— Ата-әжемізге барайықшы, — деп қиғылық салған соң, 9 ұл бала-шағасын жинап, жолға шығады.
Бұл уақытта кемпір мен шал немерелерін сағына-сағына әбден құса болған. Ұлдарын қатарға қосу үшін ата-ана кімдерден сөз естімеді.
—Я, Аллам біз бұл дүниеден өтерміз. Тек ұлдарымның отбасына амандық бере гөр, -деп тілеуден жалықпапты.
Ал, ұлдары болса, қаншама жылдардан бері әкесі біреудің етігін, қайысын тігу үшін қолына қанша рет біз қадағаны, кейбір өзін сыйламайтын адамдардың лас етігін жуып, тіккен еңбегінің, анасының біреудің күні бойы, тіпті қараңғы түскен кезде де үйін сылағаны, ақтағаны, «балаларым оқысын» деп өзінің бір жаңа көйлек кимегені ақталмағанына іштей өкініпті қариялар. Сонда да қолын маңдайына көлегейлеп, жол тосудан шаршамапты. Көршілердің балалары мәре-сәре болып, күн құрғатпай келеді.
— Е-е, өлмесек, біз де немерелерімізді иіскейтін күнге жетерміз, — деп үміттенеді.
Сондай күндердің бірінде есігінің алдына үлкен автобус келіп тоқтады. Ішінен топырлап түсіп жатқан балалары мен немерелерін көргенде қариялардың жүрегі жарылардай қуанды. Бірақ, қуанышы су сепкендей басылды. Келіндері де, немерелері де өздеріне суық қарады. Ана тілін ұмытқан, басқа тілде сөйлейді.
— Батя, мамаша қалайсыздар? — деген ұлдары ата-анасын құшақтап, бетінен сүймеді де. Бұған қариялар бір-біріне қарады да қалды. Қарттар ұлдарым келіп, мына ауланы тазалап, үйімізді реттеп берер деген үмітін жоғалтты… Олар сол кеткеннен мол кетті. Кемпір, шал әл-қуатынан айырылып, қарға адым жүруі мұң болды. Үлкен ұлы қызметіне келіп, орындығына жайғасқаны сол еді, жанына келіп, біреу сөйлеп тұрғандай.
— Әй, ұлым! Ата-аналарыңды мүлдем ұмыттыңдар ғой. Олар сендерді қалай өсіріп еді? Қартайған шағында қолын жылы суға малмақ түгілі, қалін де сұрамадыңдар. Үйі құлап, далада қалды.
— Әй, ата-анаңды қадірлей алмасаң, несіне жер басып жүрсің?
— Тоғызың бірлесіп, ата-анаңа үй түгілі зәулім сарай тұрғызып берсеңдер нетті…
Жан-жағын қаумалап алған әруақтар елестеп кетті. Шошынғаны соншалық, қозғала алмай қалды. Сәлден соң, есін жиып, інілеріне хабарласып, ақшаларын жинап, ата-анасына көмектесуге ауылға аттанды.
Келген кезде ауыл адамдары қарттардың бақилық болып кеткенін, хабар беру үшін бірде-біреуінің мекен-жайын білмейтінін айтып ақталды. Ұлдары ата-ана бейітіне барып, жер жастанып жылағанымен, бәрі кеш еді…
Құрметті оқырман! Осы ертегіні оқи отыра
сендер ата-аналарыңды өле-өлгенше сыйлаң-дар, қадірін біліңдер, көмектеріңді аямаңдар, мүмкіндігің бар ма, Меккеге апарып, батасы мен ризашылығын алыңдар демекпіз.
Ж.Кучукова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *