Анамды теңдессіз жақсы көремін — бірақ кей ісімен келіспеймін

Мен бір үйдің жалғызы емеспін, кенжесімін. Менен үлкен ағаларым, әпкелерім де бар. Олардың бәрі өзімен-өзі, бала — шағасымен.  Қыздың кенжесі әпкем екеуміздің арамыз 14 жас. Содан ба, әкеме қарағанда, анам  мені кішкентай сәби күнімнен бетер жақсы көреді. Келесі жылы мектеп бітіремін. Бойым анамнан ұзын,  сорайып тұр. Бұрын да, қазір де өте еркемін. Үйдегілердің ешқайсы бетімнен қаққан емес.
Сол себепті  менің айтқаным заң сияқты. Жеңгелерім «тентегім» деген сайын допша лепіріп, масайрай түсемін. Олар бір күн маған еш нәрсе айтпай қалса болды, жеңгелеріме «үндемейтін соғыс » ашамын. Содан үшеуі үш жақтан сыйлықтарын беріп жатып, әрең дегенде бетімді бері қаратады. Жезделерім болса:
— Әй, міне,  машина, кешке дейін анаңның етегіне жармасып жүресің бе, — деп кілтін береді. Менің де күткенім сол. Машина айдауды 12 жасымда әкемнің қасында  жүріп үйреніп алғанмын. Кілтті ала зу деп жоғаламын. Жезделерім бір бәлеге ұрынып қала ма деп те ойламайды, кілтті сеніп бере салады.
Мұны анам  білсе, өзінің көлігімен мені іздеу жорығына шығады. Машинаға отырып алып, «ауыл әкімі» сияқты бүкіл көшені аралап шығамын. Жанармай таусылғанша жүре беремін. Жезделерім іздегенде, есімді жиямын. Бұл кезде жанармай да таусылуға жақын қалады. Сөйтіп, бірде сыныптағы қыздарды отырғызып алып, трассаға  шығып кеттім. Қолымда жүргізуші куәлігі жоқ. Қыздарда ақыл жоқ. Көшеде әңгімелесіп тұрғанын көре сала «зу» деп қастарына келіп, тоқтай қалдым.
— Отырыңдар, көшені бір айналып келеміз, — деп едім:
— Давай, давай кеттік, — деп 6 қыз салонға кіріп кетті.
— Диасик, Шумахер болсаң қатты айдашы, — деді. Мұндайда Диасик тіпті өзіне сенімді болып кетеді. Магнитофонды бар даусына  көтеріп қойдым. Қыздардың не айтып жатқанын білмеймін. Жарқын күлкілерін естимін. Сөйтіп, жылдамдықты 140-150-ге салып келе жатқанымда, артымдағы көлік шамын қайта-қайта жағып, жол сұрады. Көре тұра бой бермеймін. Машина мені оң жағымнан айналып өтіп біраз озып жолдың ортасына тоқтай қалды. МАИ екен деп жүрегім аузыма тығылып,жылдамдықты азайтып барып тоқтадым. Машинадан анам шығып тұр. Албасты басқаны соншалық артта маған шамын жалтылдатып келе жатқан анамның көлігін танымаппын. Масқара болдым. Айдап жүрген машина ғой, десе де, қыздардың сөзіне желпініп, анам қуып жетпесе немен аяқталарын кім біліпті.
— Қыздарды маған сал да, кілтті бер. Жездеңе көлік керек болса, өзі алып кетеді, — деді. Анам маған бұдан артық ешнәрсе айтпады. Қыздардың алдында жер болдым. Бұдан кейін олар да қателігін түсінді ме, маған содан кейін артық сөз айтпады.
Анам жезделерімді де әбден сыбаған болу керек, қазір машина жайлы ешнәрсе айтпайды.
Жоғарыда айттым ғой, анама әлі сәбимін. Бойы сырықтай ұлын қасына алып ұйықтайды. Әкем: 
— Диасик, жігіт болды ғой, жібер бөлмесіне, —  десе де қоймайды.
— Ертең үйленгенде ұлың мен келініңнің ортасына кіріп ұйықтайсың ба? – деп анам сыңғырлай күледі.
— Жарайды, балам, келін алған соң, басқа үй әперемін, — деп қояды әкем арқамнан қағып.  Анамды түсінбеймін. Қалай десе де, мен есейіп келемін ғой. Анамның мінезін айта берсем, тіпті қызық. Кейде түк түсінбейтін қыздар сияқты. Ерінбейді, жалықпайды. Таңертең мектепке әкеліп, сабақтан соң алып кетеді. Бір еркін жүру жоқ.
Қыздар телефон шалса, менен бұрын жүгіріп келіп, кім екенін қарайды. Мен телефонға жауап бермей қоямын. Сөйлесуге анамнан ұяламын. Қыздар да қадалған жерінен қан алады. Сөйлеспесем, хабар жібере бастайды.
— Ана, оқымай-ақ қойыңызшы. Ешкіммен сөйлеспеймін, — деп телефонды өшіріп тастаймын.
— Жуатай, қыз қайда қашады. Сабақ оқы, — дейді.
— Ұлың жігіт болды ғой, өз шаруасын өзі істейді. Баланың басын қатырып қайтесің. Тамағынан басқасын өзіне бер. Киімін үтіктей алмай ма, кітабын, дәптерін түгендей алмай ма, — деп әкем мені жақтайды.
Кітап, дәптер аты ғой. Жер сүйреткен сөмкенің ішіне екі кітап пен бес дәптер саламын. Қабақтай болып тұрғанымен, іші толған СD дискілері мен спорт киімі. Сабақтан кейін спорт үйірмесіне қатысамын.
Жасым 16-ға толып, жеке куәлік алдық. Сыныптастар Әділет басқармасына бірге бардық. Анам менен бұрын барып, күтіп тұр екен. Басқа оқушылардың ешкімі келмеген. Айналып-толғанып, бетімнен сүйіп, балалардың көзінше ұялтып тастады. Жағамды жөндеп, шашымнан сипап. Бәрінен қызығы: «Қарның ашты ма, шөлдедің бе?»- деп бәйек болғаны аздай, куәлікті бірге кіріп алайық демесі бар ма? Іштей ренжідім. Куәлікті алған соң, сыныптастар кафеге барып, атап өтеміз деп келіскенбіз. Әкеме мұны айтып едім, «Ақылың бар ғой, куәлік алдық деп тентектік жасап қоймаңдар» — деп, тиын берді. Куәлікпен шыққанымыз сол еді, анам мені басқалардан ажыратып, машинаға салды да, үйге алып келді.
Анам мені куәлік алады деп бәріне хабарласса керек, ағайындарым үйде күтіп отыр екен. Жасаған сый-сыяпатына түк те қуанған жоқпын. Ертеңіне балалардан «Қалай тойладыңдар?» деп сұрай алмадым. Маған қызығы, есте қалатыны, құрбы-достарыммен бірге отырғаны. Парталас Арай үзіліс кезінде:
— Диас, анаң сені қатты жақсы көреді екен, — деді. — Ылғи соңыңнан қалмайды. Әлде сені бір нәрсеге ұрынып қалар деп қорқады ма? Анаңды түсінемін. Сондықтан анаңа ренжіме, — деді. Қуанып қалдым.
Иә, анамның маған сүйіспеншілігінен қызғанышы  басым сияқты. Іштей, анаммен келіспеймін. Өйткені, мен анама сеніп кеткенім соншалық, жалтақпын. Жалқаулығым қандай! Жерге түскен қаламсабымды көтермеймін. Мектептен келе ауыстырған киімдерім шешкен жерде қалады. Тек әкем: — Мынауың не?  Киімдерің қажет болмаса, жинап ал да, апарып өрте, — деп зілмен ұрысқанда ғана, жинап-жинап шкафқа тыға саламын. Еметін балаға ұқсатып, аяғын салбыратып, иығыңа отырғызып алдың да қойдың. Ертең әскерге барғанда қайтеді. Ер баланы сонша еркелетіп. Дастарқанға шақырмай, тамақты да отырған орнына апарып бересің. Қол-аяғы бар ғой. Жігіт қой, ширасын да,  — деп нағашы апам анама ұрысса да, менің мектеп бітіріп азамат болатынымды мойындар емес.
     Анамды мен де теңдессіз жақсы көремін. Бірақ, түсінбеймін. Ал, ұлдар, сендер бұған не дейсіңдер? Мүмкін мен анамды дұрыс түсінбей, еркелеткен сайын жатыпішер болып барамын ба? Маған ой қосыңдаршы. Маған айтар пікірлеріңді күтемін.

                                                      Әңгімені жазып алған: Ж.ТҰРЖАНОВА.

ПІКІР ЖАЗУ