Менің арғы атам

Біздің отбасымызда, әр уақытта атам, әжем арғы атамның Ұлы Отан соғысының ардагері екенін айтып отырады. Менің арғы атам – ЖАҚСЫҒАЛИЕВ Нұржан Ақжайық өңірінде 1907 жылы дүниеге келген. Әке – шешесінен жас уақытында жетім қалып, немере ағасының қолында тәрбиеленген. 1942 жылы наурыз айында Кеңес әскерінің қатарына шақырылады. Ленинградтағы Қызыл тулы әскери саяси қызметкерлерді дайындайтын Ф.Р.Энгельс атындағы училищеде 6 ай оқыған.Оқуды біткеннен кейін курсанттарды бірден майданның алғы шебіне жібереді. Солтүстік- батыс фронты, 759 атқыштар полкі, 163 атқыштар дивизиясында рота командирінің саяси басқару жөніндегі орынбасары болып жұмыс жасаған. 1943 жылдың17-қаңтарында немістермен шайқасқанда, рота темір жолдағы немістердің бекінісін бұзып, 5 блиндажын талқандап, 2 танкісін істен шығарды, 28 неміс әскерін тұтқынға алып, бірнеше қару-жарақтарын қолға түсірген. Осы ұрыста жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін жауынгерлерді медаль, ордендермен марапаттаған. Соның ішінде атам да Отан соғысының екінші дәрежелі орденімен марапатталған. 19 қаңтар 1943 жылы тағы да немістерге шабуылға шыққан-да аяғынан ауыр жаралы болып бірден госпитальге түскен. 1943 жылдың маусым айына дейін емделіп, екінші топтағы мүгедек болып, елге келген. Туған жеріне оралғаннан кейін атам мен әжем жанұя құрған. Тоғыз баланың әкесі атанып, оларды бағып-қағып, өсірген. Жыл сайын менің арғы атамның көкірегі медальға толып отырған. Мен арғы атамды өз көзіммен көрмесем де, оның ұлы тұлға болғанына оның сансыз алғыс хаттары мен көздің жауын алар медальдары дәлел.
Нұржанар ЖАҚСЫҒАЛИ,
Приурал МБК
3 «А» сынып оқушысы,
БҚО, Бөрлі ауданы.

ПІКІР ЖАЗУ