Бірлік пен татулықтың ордасы

Қазақстан – көпэтносты, көптілді мемлекет. Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осынау қасиетті жерде жүзден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тірлік етіп келеді. Бұған біз әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізіп отырғанымызды айтуымыз қажет. Қазақтың кең пейілі, тарихи төзімі мен ұлтаралық татулық негізінде Тәуелсіз Қазақстанда саяси тұрақтылық берік орнықты. Ал, бұл жөнінде толығырақ түрлі ұлт өкілдері – оқырмандарымыздың пікіріне назар аударайық.

Симонова Наталья Николаевна, Алматы қаласы,
№ 91 мектептің кітапханашысы:
— Бүгінде республикада Қазақ-стан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни
ерекшелігіне қарамастан әрбір аза-маттың азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Қазақстан — бірлік пен татулықтың ордасы болған ел.

Татьяна Хегай, ата-ана, Ұзынағаш ауылы, Абай мектеп-гимназияның мұғалімі:
— Қазақстан халқы Ассамблеясының міндеті – достықты нығайту ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында түрлі іс-шаралар өткізу болып табылады. Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді. Мемлекетімізде қалыптасқан тұтастық пен татулық “Мәңгілік Елге” ұлассын деп тілеймін.

Алдияр Тілеужанов, Алматы қаласы, № 173 мектептің 4 «А» сынып оқушысы:
— Елімізде көп ұлт өкілі бар. Олар тату-тәтті. Мен тұратын көп пәтерлі үйде қазақ, орыс, дүнген, кәріс балаларымен ойнаймыз. Үйден бірге шығамыз. Қазақ тілінде жақсы сөйлейтін өзге ұлттың балалары көп.

ПІКІР ЖАЗУ