Аллаға оқ атқанмен бірдей емес пе?

— Бір адамның игі тілегі мен ізгі ісі Аллаға жетіп, әлем құтқарылуы ықтимал. Бір адамның кесірі Жаратқан Иемнің қаһарына ұшырап дүниенің астан-кестені шығуы мүмкін,- дейді анам маған үнемі.

Әр жаңа жылды қарсы алатын кезде, бала біткеннің алатыны мен есімді білгелі фейерверктер, яғни әртүрлі пішіндегі отшашулар. Бірақ, біздің үйде анам жарқ ететін мұндай заттарды алған емес. Балабақшада жүргенде сол заттарды алып бермедің деп талай жыладым. Анам:
— Балам, фейерверктен басқаның бәрі бар ғой. Оны алуға болмайды, — деді. Жаңағы затқа қызыққаным соншалық, базардан көре сала сөреден жұлып алып, қатты құшақтап алдым.
— Жақсы, балам, — деп сатушыдан ұялды ма, алып берді. Үйге келген соң, Елбасының құттықтауынан кейін далаға шығып, атуға рұқсат бермеді. Ал, келіп жылайын.
— Бүкіл көңіл-күйімді бұздыңыз. Енді бір жыл бойы жылап өтем, — деп анама қатты ренжідім.
Ашуланғаным соншалық, алған затымды аяғыммен мыжып-мыжып, қарға көміп тастадым да үйге кірмей қойдым. Таңертең көзімді ашсам, төсегімде ұйықтаппын. Төсектің жанында мен қалаған ойыншықтар үйіліп қалыпты. Жаңа киімдер де бар. Қағаз ақшалар жатыр. Ата-анам келіп, айналшықтап, бетімнен сүйіп, орнымнан көтеріп алып, бәйек болып жатыр.
— Мынаның бәрін Аяз ата әкелді ме?
— Иә, балам, Аяз ата жазған хатыңды алып, оқыған соң өтінішіңді орындады. Кешегі ренішімді ұмытып кетіп, сыйлықтарға қатты қуандым.
Бесінші сыныпта фейерверк әңгімесі қайта қозғалды. Анам үндемей, мен қалағандарды түгел алып берді. Кәдімгідей ақша төледі. Сағат тілі 12-ге жақындағанда, дала тарсылдақтардың дауысынан тұнып кетті. Мен де алған заттарым-ды алып, далаға шықтым. Анам ілесе шықты.
— Балам, мына көріністен не байқап тұрсың? Саған қорқынышты көрінбей ме? Атылған тарсылдақтар тура төбеңде жарылып жатқандай.
— Жоқ, — дедім.
Атылғандардың көбейгені соншалық, анамның дауысын есту мүмкін болмады.
— Күнім, ағашта отырған қарғаларға қарашы.
— Анау итті көрдің бе?
— Көршінің қорасындағы малдарды естимісің.
Қарасам, қарғалар да жапырақсыз бұтақтарды жарып кірердей қанаттарымен бірін-бірі жауып мазасы кеткен. Байлаулы ит кірерге жер таппай қыңсылын ішіне тығып, үйшігінің астын қазып әлек.
Қолымнан жетектеп, көршінің қорасы жағына апарды да:
— Балам, тыңдашы, — деді.
Малдардың да жай таппай, ақырын оқыранып, тауықтар да, қойлардың да бір жайсыздықты сезгендей сенделіп кеткенін сездім.
Үйге кіріп, дастарханға отырдық. Тілегімізді айтып, бір-бірімізді жаңа жылмен құттықтап, көрістік. Өйткені, бір жылдан соң қауыштық қой. Ертеңіне әжемді құттықтаймыз деп жолға шықтық. Адамдардың қақпалары алдында кешегі тарсылдақтардан қалған қоқыстарды көрдік. Есепсіз шашылып жатыр.
Мен есейдім. Анамның кезінде «болмайды», «дұрыс емес» дегендерінің кейбірінің мәнін түсініп келемін. Биыл қой жылын қарсы алардың алдында отбасыммен далаға шығып, Алла тағалаға мінәжат еттік. Бұл кезде аспанға қаратып атылған тарсылдақтардың көптігі соншалық, құлақ тұнды. Анамның:
— Балам, бұл тарсылдақтарды аспанға қаратып, атқылаймыз. Көкке қарап, Тәңірден тілек тілейміз. Көктен жаңбыр сұраймыз. Көкке қарап, «Алла» дейміз. Ал, мына ісіміз Хақ Тәңіріне қаратып, оқ атқанмен бірдей ғой. Я, Аллам, өзің жаратқан пендеңді кешіре гөр, — деп күніне сан мәрте жалбарынуының маңызын түсінгендеймін. Сондықтан мен де ішімнен:
—Я, Жаратқан Ием, анамның айтқандарын түсінбей, ренжітсем кеше гөр деп жалынамын.
Ахтам Кучуков

ПІКІР ЖАЗУ