Ақсу-Жабағылы қорығы

Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін, Өгем жотасын алып жатқан Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы Қазақстандағы тұңғыш қорық. Қорық 1926 жылы құрылған.
Жамбыл облысының Жуалы ауданы және Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандары аумағында орналасқан. Қорық — Ақсу мен Жабағылы атты екі өзеннің арасында орналасқандықтан, осылай аталады.
ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтардың тізіміне енген бұл қорық көз тартар көркімен, өсімдіктер мен жануарлар әлемінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Бұл жерде мүктің 61 түрі, қынаның 58 түрі, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1400 түрі өседі. Сүтқоректі жануарлардың 42 түрі, құстардың 238 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 9 түрі кездеседі. Қорықта ғылыми-зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіледі.
Қорықтың ең әсем табиғатының бірі Ақсу өзенінің шатқалы болып табылады. Ақсу шатқалы Орта Азиядағы ең терең шатқалдардың бірі. Шатқалдың тереңдігі 300-500 метр, ұзындығы 30 шақырымды құрайды. Оған түсу өте қиын, өзеннің жағалауы тасты және одан сайын қиындай түседі. Күн көзіне жақсы жылынған тау өзендері мен жартастар ауаның ылғалдылығын сақтап, кәдімгі оранжереялы климат түзеді. Бұл жерде тіпті қылқан жапырақты өсімдіктер мен папоротниктерді кездестіруге болады.
Ақсу-Жабағылы қорығы теңіз деңгейінен 1000-4280 метр аралығындағы биіктікте орналасқан. Негізгі биік аймақтары өзінің таңқаларлық бейнелерімен жартылай шөлейттер ылғалды жазықтармен алмасып, аршалы ормандарға өтеді. Ылғалды даладағы бай жазықтар аршалармен астасып жатқан жіңішке бұталардың өсуіне қолайлы жағдай туғызған. Көздің жауын алатын қатаң қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі-түсті альпі гүлдері жайқалып өскен. Бұл жерден еліктерді, тау арқарларын, сілеусіндер мен қабыландарды, аюларды, қасқырлар мен түлкілерді жиі көруге болады.
Қорықтағы еліктер жеміс-жидек, мүк, қына, шөптің жүзге жуық түрімен қоректенеді. Жазда жеке-жеке, басқа кездерде топталып жүреді. Бір жарым жасында лақтайды. Төлін 9 ай көтеріп, 1-2, кейде 3 лақтан туады. Еліктер лақтарын 6-8 ай сүтімен қоректендіреді. Ешкісі 11-12, текесі 16 жылдай тіршілік етеді. Елік — «Қызыл кітапқа» еніп, ерекше бақылауға, қамқорлыққа алынған сүтқоректі жануар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *