Баланы ренжітсең, өзегінде өмір бойы қалады

Кейінгі кездері мектеп жасындағы балалар арасында болмашы нәрсеге ренжіп, көңіл-күйі болмай жүретіндерінің көбейіп отырғанын байқаймыз. «Болмашы» нәрсе дегеніміздің өзі баланың сабаққа деген құлшынысын төмендетіп, үлгерімінің нашарлап кетуіне әкеліп соғуда.
Ұл-қызының ұнжырғасы түсіп жүргенін көрген ата-ана баласының ішкі жандүниесіне үңілместен:
— Саған не жетпейді, осы? Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда.
— Сенде бәрі бар ғой, неге сабақ оқымайсың?
— Сен үшін мені қайта-қайта мектепке шақырады. Неге тыныш жүрмейсің? Оқу үлгерімің нашар болса, тестті қалай тапсырасың? – деген сұрақтардың астына алады.
Сөйте тұра баласының жүрегін жаралаған ата-ананың өзі екеніне тіпті де мән бермейді.
Психолог мамандарының зерттеуіне сүйенсек, мұндай реніш бала жадында ешқашан ұмытылмайды екен.

Бала пікірімен үлкендердің санаспауы. Шынында да, ата-ана балаға мүмкіндік беріп, ойындағысын асықпай тыңдамайды. «Сен не білесің? Ата-анаңнан асып түсейін дедің бе? Менің айтқаным болады» деген сөздерді баламызға жиі айтатынымызды мойындауымыз қажет. Осылайша, баланың бетінен үнемі қағып отырғанымызда, ұл-қызымызды ренжітеміз.
Әділетсіздік. Кейде баламыздың айтқанына сенбейміз. Әсіресе, мектеп өміріне байланысты әрекеттерде мәселенің байыбына бармай, оларды көппен бірге айыптаймыз. Немесе, үйде бауырлар, апалы-сіңлілер бір-бірімен ренжіп қалғанда, оларды татуластырудың орнына кейде біреуіне қатты ұрсамыз. Яғни, істемеген әрекеті үшін жазалаймыз.
Сатқындық. Балаларымызға көп жағдайда уәде береміз де, артынша орындамай ұмытып кетеміз. Өтінішін айта бастағанда: «Айттым, орындаймын деп», мысалы үй тіршілігін сылтау етеді. Уәделерімізді орындамауымыз, ата-анаға сеніп айтқан сырларын басқаларға жайып салу, үлкендердің мүддесін бала мүддесімен араластырғанда, бала қатты ренжуі мүмкін. Балалықпен сырт көзге әлгі сәт ұмытылып кеткендей болғанымен, бұл оның өзегінде қалып қояды. Әр кез есіне түскен сайын жегі құрттай жанын жей береді.
Немқұрайлылық. Үнемі «сенікі дұрыс емес. Не істесең де өзің біл» деп баланың айтқанын назардан тыс қалдыру, туған баласының бастамасын қолдап, оған бірге қол жеткізудің орнына кейде танытқан немқұрайлылығымыз бала өміріне қатты әсер етеді.
Басқа баламен салыстыру. Ата-аналарда ежелден қалыптасып кеткен әдет бар. Ол — өз баласын өзге балалармен салыстырып, «Сенің бәленшеден нең кем? Бәленшені қарашы» — деп ұл-қызымызға басқа құрбы-достарын үлгі етеміз. Керісінше, баланың әр қадамын мақтай отырып, кемшілігін көрсете білгеніміз абзал.
Алдау. Көп ретте баланы алдаймыз. Сол арқылы оны тыныштандырдық деп ойлаймыз. Бірақ, оның жан дүниесі әділетсіздікті сезіп тұр. Бірақ, ата-анасына қарсы шыға алмай, іштен тынады.
Сенімсіздік. Көп жағдайда, баламыздың мүмкіндігіне сенбей жатамыз. «Қой балам, сенің қолыңнан келмейді», «сен оны қайдан білесің?», «менімен сөз таластыра берме, сен қашан дұрыс істеп едің?» деп жиі кемсітіп отырамыз. Баланың алға ұмтылған әр қадамын ата-ана қолдап, қажет болса жердің түбіне бірге барып, ойға алған мақсатын жүзеге асыруға тырыссақ, әрине, бала жүрегінде ешқандай қаяу қалдырмаймыз.
Құрметті ата-ана! Осы қағиданы жадымыз-дан шығармайық. Ал, бала болса, әрдайым ата-
ананың қас-қабағына қарап, сыйлай білуі қажет. Ата-ана мен бала арасында түсіністік, шынайы сүйіспеншілік, сыйластық, шынайылық болғанда ғана толыққанды отбасына айналады.
“МБ”

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *