«Табиғат — наурызымен ажарлы, Наурыз — мейрам ғажабы»

«…Қазақтың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы.
Бұл мейрамды дұрыстап өткізу керек.Бұл
мейрамды тұрмыспен, ғылыммен байланыс-тырып, қоғамға пайдалы игі іс жасайтын, ауыл адамдарын тап-жігімен ұйымдастыратын мейрам ету керек. Мектеп оқытушылары Наурызды оқыту бағдарламасына айрым кешен жасап ендіруі керек».

Мағжан Жұмабаев

Қазіргі кезде ғалымдар Наурыз мейрамының шығу негізін өте ертеден қалыптасқан халықтың күнделікті тұрмыс жағдайымен байланыстыра түсіндіреді. Наурыз күні жақсылық пен жамандықтың , күн мен түннің, суық пен жылының, қайырымдылық пен қатыгездіктің, қыс пен жаздың бір-бірімен адам баласының өзіне де құт-береке, ырыс-қазына, яғни жалпы жақсылық атаулының кеңінен орын ала бастаған күні деп ұйғарылады.Сондықтан бұл күнді халқымыз көбіне Ұлыстың Ұлы күні деп атайды.
* Наурыз мейрамы негізінен 22 наурыз күні өткізіледі. Республикамыздың табиғи географиялық жер жағдайына байланысты Наурыз мейрамы наурыз-көкек айларында атап өтіліп жүр.
* Наурыз – Жер-Ананың қойнауының тоңы еріп,тіршілікке жан біткен, дүниені түрлі түске бояған, ұйқысынан оятқан күн.
* Наурыз – мал төлдеп, малға мал қосылып, ағарғанның тасыған, қыр төсіндегі малды ауылдың аузы аққа кеңелген, ырыс-несібенің артқан күні.
* Наурыз – жаңарған тіршілікті алып келген жыл басы. Табиғат ажарының көріктенген, әлемнің әдемілік әнін, сұлулық сәнін әкелген Ұлы күн.
* Наурыз мейрамының қасиетті дәмінің бірі – наурыз көже. Ол 7 түрлі өнім түрінен: соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, тұз, сүзілген құрт, бидай (тары, күріш), пияздан қазан толы етіп пісіріледі.
* Наурыз мерекесі – халқымыздың табиғат-анаға аялы алақаны, жылы жүрегі, ыстық ықыласы ауған күн! Бұл мереке халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан табиғатқа жанашырлық, қамқорлық көрсетуінің де өнеге – үлгісі болып саналады.
* Наурыз мерекесі – халықты достыққа, бірлікке жұмылдыратын күн, достық мерекесі.
Анар ИМАНАЛИҚЫЗЫ,
Қарасу ОМ, Алматы облысы, Ақсу ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *