Анаңды жылатсаң…

Ертең қартайғанда сенің де бала-шағаң босағадан аттатпай кері қайтаратын болады. Анаңды сыртқа итеріп, іштен тарс жабылған есік  бір күні саған да ашылмай қалуы әбден мүмкін.

Кешкісін ата-анаммен үйге келіп, теледидарды қосқанымыз сол еді, «Қазақстан» ұлттық арнасынан «Айтуға оңай» хабары жүріп жатыр екен (21 қаңтар 2015 жыл). Жылап отырған ананы көріп, отыра қалып тыңдадық. Анам:
— Түһ, мына баз кешіп отырған анаға жылы сөз
айтып, жабырқаған жанын жадыратқан бір адам табылмады-ау. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде отыр-
ған кейуананың жағдайы жақсы болса, теледидарға келіп бүкіл елге көрініп несі бар еді? Заңда да ата-
анасын үйден қуған қатыгез балаларға қарсы қол-
данылатын бап қарастырылмаған. Қарттарымыз-дың қартайғанда көретіні осы ма еді? — деп шара-сыздықтан хабарға келген ана өзі сияқты күйзеліп кетті. Мен де ойға қалдым. Хабар біткен соң, адамды ауыр ойдан арылтайын деп:
— Анашым, мен сізге сұрақ қойсам бола ма?- дедім де ұялы телефонның диктофонын қостым.
— Сіз мына әже жайлы қандай пікірдесіз?
— Бұл әженің жұбайы ерте қайтыс болған. Төрт баласын «Әкесі жоқ» дегізбей өсіруге тырысқан. Сол үшін үш жерде жұмыс істеген. Адамдардан ең көп сөз еститін жұмыс — еден жуушы мен аула сыпырушы. Үйдің шаруасын бір өзі дөңгелеткен. Ұл мен қыздарын аяғаны соншалық, оларды үйдің тірлігіне көп салмаған да. Бастарына ауыртпалық түсірмегені көрініп тұр. Меніңше, балалары тіпті анасының алдынан шығып, қолындағы азық-түлікке толы дорбасын да алмаған. Алақанына салып, ержеткізіп, қатарға қосқан балалары анасын жаны нәзік әйел заты емес, тура техника тәрізді қабылдаған. Сондықтан, анасының жанының қиналып тұрғанын жүрегімен сезбейді.
— Қалай ойлайсыз? Осы хабардан кейін балалары әжені қасына ала ма, әлде «бүкіл республикаға біздің масқарамызды шығардың» деп одан бетер теріс айнала ма? Немерелері ата-анасына: «Үйге қайтармасаңыз, біз де әжеміздің жанында бірге жүреміз. Үйге кірмейміз» деп айта ала ма?
— Балам, хабар кейіпкерінің балалары туралы кесіп айту өте қиын. Ол кісі ешкімге масыл болмай, қарттар үйін паналасам, бес уақ намазымды оқып, өлер шағымда кезінде біліп, білмей істеген күнәсін кешіруді Аллатағаламнан өтінуде. Ананың айтуына қарағанда, балалары кейіпкерді кінәлі санайтын сияқты. Ана мен балалары арасында көпірі жоқ өткел пайда болған. Ана мен бала арасында өткел тұрмақ, мұхит болса да, бала одан кешіп өтіп, ананың алдында бас июі қажет. Білместігін айтып кешірім сұраса, тілі байланып, иген басы домалап түспейді. Кім біледі? Хабардан кейін ұл-қызының болмаса да, бір немересінің жүрегінде иманы болса айтуы да ықтимал.
— Есіңізде ме? «Хабар» телеарнасы “Жекпе жек” ток-шоуында да Қарттар үйіне келген қариялар жайлы айтылды. Сіздің ше, сол мекемеге барамын деген адамдарды қабылдай бере ме?
— Қарттар үйіне мүлде ешкімі жоқ адамдарды Заң негізінде қабылдайды.
— Әжем сізге де көп ақыл айтады. Сіздің ренжігеніңізді көрген жоқпын. Анаңыз не айтса да «жарайды» дейсіз.
— Балам, сенің әжең де кейіпкер сияқты атаңнан ерте қалып, тағдырдың тауқыметін көп тартты. Анамыз жұмыстан келетін уақытта аялдамаға шығып күтіп тұратынбыз. Үйдің жұмысын мынаны қыздар істейді, мына ұлға деп бөлмейтінбіз. Шаршап келгенде, шайын ішіп ұйықтап қалса, теледидар қосу, айқайлап сөйлеу деген болмайтын. Ауырып қалса, сабаққа да бармай, Құдайдан анамызға шипа беруін сұрап, қасынан шықпайтынбыз. Біз анамызды қатты жақсы көреміз.
Анамның сөзі мені қатты ойландырды. Менің жасымдағы замандастарыма ой салар деген ниетпен анаммен арадағы әңгімені жазуды жөн көрдім.
Ахтам Кучуков

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *