Дәріптейтін құндылықтың бірі — баспасөз

«Тәрбие – тал бесіктен» деген қазақта бір жақсы сөз бар. Әрине, әрбір ата-ана дүние есігін ашқан өз перзентінің алғыр, білімді әрі ақылды болып өсуін қалайтыны сөзсіз. Білім бір ғана оқулықпен толықпайтыны хақ. Бүгінгі таңда соған орай кітаппен қоса қызықты да танымдық журналдар оқып жүр ме? Көпшілік қауымнан мына сауалдардан жауап іздеген едік.

Павлодар қаласындағы ПМПИ-дің студенті Бақытнұр Шерікбай жоғарыдағы сауалға орай облыстың Ақсу ауданы, Парамановка ауылының бір топ адамдарымен сұқбаттасып, қайтты.

Перизат Хабылхан, ұстаз:

– Мен балама «Мөлдір бұлақты» жаздырып бергелі үш жылдың көлемі болды. Жыл сайын осы аралықта баламның журналға деген қызығушылығы еселене түсіп, ай сайын журналдың жаңа санын күтумен болады. Журналдың жас буынға берері өте көп. Мектепте журналға ақша жинауды мәжбүрлеу деп санамас едім. Себебі, ұстаздар да оқушылардың жан-жақты болып, білімін дамытқанын қалайды. Сондықтан сабақтан тыс қосымша қызықты журнал-газеттердің бетін ашып қосымша мағлұмат алғаны нұр үстіне нұр. Ал, бүгінгі балалардың рухани ой-өрісіне ұстаздық көзқараспен көңілім толмас еді. Жастарымыз ғаламтор желісінен көз алмаса, газет-журналдарды қайдан оқысын?

Айнаш Базархан, ата-ана:

– Иә, менің балам да «Мөлдір бұлақ» журналымен сусындайды. Мектеп жасында қызығушылығы ерекше еді. Қазір өзі де ұстаздық қызметін атқарып, жас бүлдіршіндерге сүйікті «Мөлдір бұлақ» журнал жайлы жиі айтады. Бүгінгі балалардың ой-өрісі жақсы дамып келеді деп ойлаймын. Олар газет-журналдар, әдебиеттер, электронды оқулықтар арқылы көп мағлұмат алуына болады.

Жанболат Бейсенбайұлы, оқушы:

– Мен мектепте оқимын. «Мөлдір бұлақ» журналмен дос болғалы 5 жылдың жүзі болды. Осы аралықта журналдың әр бетін парақтаған сайын қызығушылығым арта түседі. 2015 жылға жазылдым. Мектепте журналға жазылу туралы айтылса, айып емес. Журналды насихаттай білсек, оқырман қауым көбейеді деп ойлаймын. Өзім де оқушы ретінде ой-өрісім жақсы дамыған деп айта аламын. Себебі, сабақтан тыс уақытта қызықты кітаптар, түрлі журналдар оқимын. Ғаламтордағы балаларға арналған сайттар бар. Бұлар біз үшін жақсы жағынан білімімізді дамытуға өз үлесін қосады.

Рухы биік, тал бойында адами құндылықтардың шынайы көрінісі отбасында, баланың жанұясында тамырын тереңге жаяды. Осы қағиданы жас отбасылар ұмытпағай.

 

Жанар РАМАЗАНОВА, доцент,
филология ғылымдарының кандидаты:

1. Балаларым «Мөлдір бұлақ», «Бала Би», «Ақжелкен», «Ұлан» газет-журналдарын оқиды. Сонымен қатар, бала кезімізде көрген «Менің атым Қожа», «Көксерек», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерін ғаламтордан жүктеп қойғанбыз, соларды қолдары қалт еткенде қарайды. Көркем әдебиет оқиды. Сонымен қатар «Аруна» баспасы әзірлеген «Аудио-Әже» дисктеріндегі қазақ тілінде қазақ және орыс халық ертегілерін тыңдайды.
2. Менің балаларым оқыған мектепте газет-журналдарға мәжбүрлеп жазғызу деген болған емес. Сынып жетекшілері мектеп жиналысында ұсыныс ретінде айтады, қалғанын ата-аналар өздері шешеді. Рухани құндылықтарды дәріптеу тек мұғалімге ғана емес, біздер, яғни ата-анаға да байланысты. Балаларымызды көркем ойлауға, әдебиетке, имани қасиетке, жалпы адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге қатты назар аударуымыз қажет.
3. ХХ ғасыр мен ХХІ ғасыр баласы арасында айырмашылық жоқ емес, оны бәріміз де білеміз. Негізгі тәрбиені қалаушы, әрине, ата-ана. Қазіргі бала компьютер мен телефонды жақсы көріп тұр ғой. Бәрі жедел, жылдам жүктеледі, қалаған тілді таңдайды да, кітап оқи ма, қажет ақпаратты ала ма, әйтеуір, бәрі қолжетімді. Десек те, баланың қолына қазірден газет-журнал, кітап ұстатпасақ, кеш қаламыз. Бұл жерде Рэй Брэдберидің «451 градус по Фаренгейту» шығармасы есіме түсіп отыр. Осы көркем шығарманы ата-аналар, балалары оқыса екен деген ұсынысты айтамын.
4. Балалар әдебиетінің бәйтеректері – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сайын Мұратбеков, Бердібек Соқпақбаевтар бірнеше буын ұрпақты тәрбиелеп шығарып, олардың өшпес мұрасы бүгінгі балалардың да игілігіне жарап жатыр. Рухымызды көтеретін туындылары жылжыған жылдармен бірге ұрпақ кәдесіне жарайтыны сөзсіз. Өкініштісі, қазір балалар әдебиетінде жаңа есімдер жоқтың қасы.
«Мөлдір бұлақтың» 2004 жылғы бір санында тұңғышымыз Нұрлыбектің өлеңдері жарық көрген еді. Екінші баламыз Нариман қазір бірінші сыныпта, әзірге басылымға жариялайтындай материалдары жоқ, ондай қыры байқалмай жатыр. «Мөлдір бұлақ» танымдық журналдың негізгі мақсаты – балалардың шығармашылығын таныту емес пе?!
Сұқбаттасқан: Керім Құрал,
«МБ» журналының штаттан тыс тілші,
Қарағанды қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *