Балама қалай сабақ оқытамын?

Бүгінгі жас отбасыларының алдында шешімін таппай тұрған  көптеген мәселелердің бірі — баласына сабақ оқыта алмай әлек болуы. Бұл жөнінде ата-аналар «Мөлдір бұлақ» редакциясына да хабарласып отырады. Бастысы, неге сабақ оқуға құлқы болмайтынының себебін таппайды. Біз сол сұрақтың жауабын психолог мамандардың ұсынысынан тапқандаймыз.

Олар кейбір ұл-қыздарымыздың сабаққа зауқы болмауының мынадай алты себебін айта отырып, тығырықтан шығатын жол нұсқайды.

1. Саралап отырсақ, заман талабына орай, ата-ана баласын дарынды балаларға арналған, сондай-ақ белгілі бір пәнді тереңдетіп оқытатын мектеп-лицейлерге апарады. Ал, баланың даму деңгейі сол білім мекемесінде оқуына мүмкіндік бере ме? Онымен санаспайды. Сондықтан, психолог-маманның кеңесіне жүгінгені жөн.
2. Оқушылардың сабақ оқуына мойны жар бермеуі денсаулығы-на байланысты сабаққа қатыспауы, немесе белгілі бір жағдайларға орай мектепке келмегенде пайда болуы мүмкін. Мысалы, бастауыштан орта буынға өткен кезде де байқалады. Өйткені, төрт сынып бойы бір ұстазға үйреніп қалды. Енді, бірнеше пән қосылып, өздеріне таныс емес мұғалімдер дәріс береді. Мұндайда, ата-ана баласына ұрыспай, сабырлылықпен бірге отырып, үй тапсырмасын орындаса, ұл-қызының селқостығын жеңеді.
3. Еркелік. Бірқатар отбасында жалғыз бала өседі. Барша туыстары айтқанын орындап, оны тым еркелетіп жібереді. Мектепте барлық шәкірт бірдей, оның асты-үстіне ешкім үйдегідей түспейді. Мұндайда, ата-ана баласын жетектеп, мұғалімнің үстінен шағым айтып, мектеп басшына бармауы тиіс. Баласына көпшіл болуды өзімен бірге жүріп үйреткен абзал.
4. Сыныптастарымен жиі сөзге келетін балалардың осы мектепте оқығысы келмейді. Сабаққа қатты мән берудің орнына санасында құрбыларының өзіне себепсіз жасаған әділетсіз әрекеттері тұрады. Ата-ана мұны жұмыстан шыға алмайтынын айтпай, мектепке келіп, директормен бірге реттеуге тырысқаны жөн. Басқа сыныпқа, мектепке ауыстыру абырой әпермейтінін ескеру қажет.
5. Ата-ана баласын ешқашан өзімен салыстырмауы керек. Қайта баланың бойындағы ерекше қасиетін танып, соны дамытуға көмектескені орынды.
6. Кейде біз, ата-ана тым сыншыл болып кетеміз. Бала түгілі кейде үлкендер де бір нәрседен жалығып кететін кездері болады. Олай болса, баланың сенімін арттырып, қанаттандыратын жылы сөздер айту керек. Әңгімеге тартып, мүмкін болса, киноны бірге көріп, оны талқылап, пікірін тыңдаңыз. Мектепте өткен сабағы, қызықты оқиғаларымен бөлісіп отырған еш артықтық етпейді.
«МБ»

ПІКІР ЖАЗУ