«Аман қалдық»
11 жастағы Камшат Байғозының ерлігі ерекше бағаланып, Алғыс хат пен планшетке ие болды.
Оқушы қыз Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Қарағаш ауылдық округінде тұрады.
— Мектепке жиналып жатқанда, кенеттен өрт шықты. Ата-анам үйде жоқ еді. Екі сіңлімді жалма-жан алып, далаға шығып үлгердік. Кенже сіңлім әлі бір жасқа да толмаған еді, — деп еске алады Камшат.
Ұлы Отан соғысында анталаған жаудан қаймықпаған Әлия Молдағұлова да Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген.
— Батыр апайымнан рух алған мен ғана емес, кез келген ақтөбелік қыздар осылай істер еді, — деп қояды Камшат.
Камшаттың отбасына «Қызыл жарты Ай» қоры, аудандық әкімшілік арқылы көмек көрсетілді. К.Байғозы үшін бастысы алған сыйлығы емес, отбасының амандығы екенін шүкіршілікпен айтады.