Өнерім актерлікпен шыңдалуда

Ернар ЖҰМАТАЕВ:

Ернар Жұматаев – әнші, актер. «ДЕНАР» тобының мүшесі. Көрерменге «Бәйтерек», «Біздің ауыл во  », «Әке серті» фильмдерімен таныс. Продюсерлік кәсібінің нәсібін көріп жүрген өнер иесі.

– Балалық шағыңызбен, туған өлкеңіз және жанұяңызбен таныстырып өтсеңіз?
– Кіндік қаным тамған жер – Ташкент. Өзбекстан мен Қазақстанның дәл ортасы төменгі Шыршық ауданы, Шыңғыс ауылы. Балалық шағым сол жерде өтті. Амангелді Иманов атындағы № 18-мектепте білім алдым. Ұстазым Жетісайдың керемет күйшісі марқұм Шотбаев Құттыбай ағамыздың еңбегін өнеге тұтамын. Ата-анам өкінішке орай өмірден озған. Үйде бес ағайындымыз. Үйдің кенжесімін. Әулетіміз өте үлкен, үнемі жиналып бір-бірімізбен қуаныштарымызды бөлісіп тұрамыз.
– Кәсіби мамандығыңыз қандай? Өнерге қалай келдіңіз?
– Басты мақсатым әнші, яғни дәстүрлі әнші болу еді. Мектеп бітіріп, арман қуып Алматы қаласына жол тарттым. Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне, дәстүрлі әнші мамандығы бойынша емтихан тапсырдым. Өкінішке орай дауысымның жіңішкелігі болар емтихан нәтижесі сәтсіз болды. Ауылыма қайта оралып бір жыл үйдің жұмыстарымен айналыстым. Келер жыл үміт арқалап, Алматы қаласына қайта оралдым. Ендігі мақсат Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясына барып, бағымды сынау болды. Іште түрлі аспап ұстаған студенттер. Өзім таңмын. Сол жерде жүріп дәл қарсымда танымал әнші Мұрат Қожа ағамызды кездестірдім. Ол кезде Нұрлан мен Мұрат болып, хит әндерімен жаңадан танылып жүрген кездері. Мына аудиторияға кірсең жаман болмайсың деп жол көрсетіп кетті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, еңбек сіңірген әртісі, режиссер Нұрқанат Жақыпбаев емтихан алды. Сынақтан сүрінбей өттім.
– Ернар, «Қара көйлек» әнімен көпті баурап алдыңыз. Соңғы уақытта біршама қазақ телехикаяларында, атап айтсақ «Әке серті», «Сырғалым» сынды туындыларда басты рөлдерді сомдап жүрсіз. Жалпы осы жайлы толығырақ айтыңызшы? Бұл телехикаяларға қалай келдіңіз?
– Бұл фильмдерге дейін шағын роликтерге түсіп жүрдім. Шыны керек, фильмге деген қызығушылығым сондай, “Қазақфильмге” өзім бардым. Алғашқы рөлімді Данияр Саламатовтың «Бәйтерек» фильмінде сомдап шықтым. Одан кейін Сәбит Әбдіхалықовтың «Біздің ауыл во » атты комедиясында спортшының рөлінде ойнадым. Қазақстан Ұлттық телеарнасында көрсетілген «Әке серті» телехикаясында Бағланның рөлде ойнадым. «Сырғалымға» келер болсам, арнайы кастингке шақырды. Режиссері Дмитрий Коробкин: «Қырық сегіз сериялы телехикаяда маскүнемнің рөлінде ойнайсың» — деп шарт қойды.
Әрине, оңай образ емес. Мен кейіпкерімді сәтті алып шығу үшін көп іздендім.
– Әңгімеміздің тізгінін «Денар» тобының шығармашылығына бұрсақ, топтың продюсері өзіңізсіз. Жалпы топтың жұмыс істеу қарқыны қалай?
– Үш жігіттен құралған «Денар» тобының шығармашылығы 2007 жылдан бастау алады. Дәл қазір топта Әлиби Қадырбаев, Естай Бекбергенов және мен бармын. Біз кез-келген жанрдағы әндерді орындауға талпынамыз. Дәстүрлі әндер, халық әндері, әрі шет елдің ретро әндерін қазақшаға аударып та айтамыз. Соңғы бейнебаянымыз Мақсат Жәутіковтың әніне жазылған «Қазақстаным менің!» атты ерекше әнге түсірілді. Қазір телеарналардан көрсетіліп жүр. Жалпы, «Денар» тобының қоржынында әзірге 60 ән, 6 бейнебаян бар.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? «Денар» деп аталуының ерекше бір себебі бар ма?
– Екінші сұрағыңыздан бастасам. Жалпы атаудың ерекше себебі жоқ. Негізінен топ әншілердің есімдеріне орай және «нар» деп нардай жігіттер болсын деген мақсатпен бастаған топ болатын. Енді, Алла қаласа есеп беру кешімізді өткізсек деп жоспарлап жүрміз. Келешекте өнер жолындағы үлгілі актер Асанәлі Әшімов ағамыз секілді керемет актер болуды армандаймын…
– Алла қалап, сол армандарыңыздың жүзеге асуына тілектеспіз! Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Адина ЕРҚАРАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *