Қыз қиялындағы қала

Темір жол бойындағы разъезде тұрды. Үш қана үй. Кішкентай кезінен әкесі өзіне тиісті жол бөлігінде поезд өткен сайын сары түсті жалау көтеріп тұрады. Поезд жоқ кезде сол маңды жыл он екі ай тазалайды. Анасы отарба сәл тоқтағанда отырып, кетеді де, келесісімен қайта келіп түсіп қалады. Сөйтсе, анасы сауда жасап, үйге азық-түлік әкеледі екен. Көпбалалы отбасы. Бірінен кейін бірі мектепке барды. Өздері тұратын ауданның шалғайдағы мектебі. Әкесінің үш доңғалақты мотоциклі бар. Таңертең балаларды соған салып, мектепке апарады, сабақтан соң алып қайтады. Қар қалың , нөсер жауғанда көліктері жүре алмайды. Кейде апталап сабаққа бармайды. Кейінгі жылдары тұрмыс жағдайы төмендеп кетті. Әкесі қанша айлық алатынын білмейді. «Жетпейді» дегенді жиі еститін болды. Себебі, бұрынғыдай емес, поезда сауда жасауға тыйым салыныпты. Қажетті затты, азық-түлікті анам саудадан түскен ақшаға қаладан таситын. Енді үйде отыр.
— Балалар өскен сайын олардың да талабы өсе түседі екен. Біртіндеп мектеп бітіреді, оларды мына түрімізбен қалай оқытамыз? Мектептің талабы да жыл өткен сайын жоғарылап барады. Балаң заманауи сыныптарда білім алсын деп, сұрағанды береміз ғой. Бірақ, сол пердені жылда ауыстыра ма? Мемлекеттің бөлген қаражаты жетпейтін болғаны ғой. Мына оқулықты айтсаңшы? — десе, әкесі:
— Оқулықпен көпбалалы отбасыларына, шалғай ауылда тұратын оқушыларға беріледі деп жар салып жатады. Оқулықтар өмірі бізге жетпейді, сонда айтылған заңдылықтардың орындалуын ешкім тексермегені де — дейді.
Мен үйдің үлкенімін. Бауырларыммен жазда айдалада ойнаумен уақыт өткіземіз. Ауыл мектебінің кітапханасында әдеби шығарма жоқтың қасы. Бар болса, кітапханашы апай тек сонда отырып қана оқы деп айқайлайды да тұрады. Екі-үш кітапты сабақтан шығып оқисың ба, үзілісте оқисың ба? Мектеп пен үйдің арасы тура он шақырым екен. Оны әкем мотоциклмен отыз минөтте жүріп өтеді. Әкем келе алмайтын күндері болады. Сонда мен іні-сіңлілерімді жинап, жаяу келеміз. Автомобиль мүлде жүрмейді. Көрші ауылдың түйелері, жылқылары әр жерден қараң береді. Қасқыр таламақ түгілі, бәрімізді жеп қойса да куә табылмайды. Бірақ, Құдай өзі сақтап, аман келеміз.
Жоғарыда айтқан мал бізде де бар. Қой, сиыр, ешкіні таңертең айдап саламыз. Өздері жайылады. Жылқы да бар.Тауық та асыраймыз. Қазір анам мал шаруашылығымен айналасып кетті. Қымыз, сүт, айран, жұмыртқа сатады. Өзі барып емес, әкеме тиеп береді. Бізді мектепке тастай сала, әлгі өнімдерді өткізуге кетеді.
— Я, Алла поезд келгенше кешігіп қалмайын. Оң жолыңды бере көр, — деп ішінен күбірлеп отырады әкем.
Сонша нәрсе сатылса да, жеткізе алмай жатады ата-анам. Сөйтсем, өнімдерді көтерме бағамен өткізіп, кері қайтады екен. Былай қарасаң, болмашы ғана. Есесіне, азық-түлік, малға беретін азық пен жанармай бағасы қымбат. Әкем түскен ақшаға артығымен жемшөп, жанар май алады. Қысқа дайындық жасайды.
Қыста үйдің жылуы болмайды. Қанша от жақсаң да жылымайды. Әкем үй дұрыс салынбаған, пеші тіпті… деп отынды үнемдеумен болады. Жөндетуге құрылысшылар мұндай жаққа келмейді. Аудан орталығынан келсе, бір сиырды сұрайды екен. Сондықтан, көмір, ағашты аямай жағуға тура келеді. Оның барлығы біз үшін. Темір жол басшылығы тарапынан бөлінген көмір нашар екен деп жатады ата-анам.
Мектепте жақсы оқимыз. Өйткені, сабақ пен үй шаруасынан басқа айналысатын артық нәрсеміз жоқ. Телеидидардың өзін әрең көреміз. Электр жарығы кешке қарай сығырайып қалады. Магнитофон бар. Бірақ, оның кассетасын жаңартпасақ, бір әнді қайталайт та отырады. Бірде ата-анам:
— Балалар, ерте ұйықтаңдар. Ертең орталыққа барып, сендерге киім аламыз, — деді.
Өздері ерекше көңілді.
— Анашым, неге мәз болып жүрсіздер? Бәріміз барамыз ба? — деп қоямын.
Бірақ, көкейімде, шіркін мен де сыныптағы қыздарға ұқсамайтын киімдер, сөмке алсам ғой деймін. Ертеңіне жолға шықтық. Мен ұйықтамадым десем де болады. Әкем мотоциклдің орнына «УАЗ» көлігін алған. Екі жылқыға айырбастады.
Машинаны әкелген күні анам:
— Жаңа екен. Көп сынбайды. Құдай бұйыртса, бала-шағамен қыдырамыз, — деп бізді айналшықтап, бетімізден сүйіп шыққан. Соған он бала артқы орындыққа, ата-анам алдына отырып, аудан орталығына келдік. Таң қалдым. Біздің отырған жеріміз әншейін қуыс секілді көрінді маған. Ата-анамыз басымыздан аяғымызға дейін киіндірді. Қапшық-қапшық азық-түлік алдық. Әкем мал базарына үлгеріп барып келді арасында. Көп ұзамай көлікке тиегіш арбасын сатып алды.
Әкем тағы да мәз.
— Я, Жаратқан Ием, бізді де елейтін кез келген бе! Балаларыма Алматыға он күндік демалысқа жолдама берді. Анасы сен балаларыңды алып барасың, — деп анамның қолына қағаздарды беріп жатып, Құдайға тәуба айтуды да ұмытпады.
Поездға отырдық. Бір қызығы өзіміздің үйіміздің тұсынан өттік. Әкем тұр сары жалауын көтеріп. Қызық!
— Әкелерің бізге «Сәт сапар» тілеп тұр, — деді анам.
Алматыдан керемет әсермен оралдық. Сабақ басталып кетті. Жексенбі отынға шықтық. Айналада қурай да қалмаған. Өйткені, ауа райы қуаңшылық болды. Анам көмбеге нан жаппайды. Қалай екенін білмеймін, нан пісіретін тандыр пешін әкеліп, орнатты. Жарықтық тура домна пеші сияқты, отын шақ келмейді. Отбасымызбен бардық. Айдала. Айналаны болар-болмас сағым басып тұр.
— Мына жер тура жер кіндігі іспетті, — дедім ішімнен. Осы жерге қала тұрғызамын. Сол арманымды Алла Тағалам қолдағандай, әдебиет пәнінен «Менің қиялымдағы қала» атты шығарма жаздық. Ұстаз арасында қала тұрғызу үшін не нәрсе қажет. Қаланың жобасын кімдер келтіреді деген сұрақтарға жауап айта кеткен. Архитектор, сәулетші сөзі құлағында жатталып қалды.
— Міне, керемет! Мен архитектор боламын, қала тұрғызамын… Мектеп бітірген жылы Алматыдағы Құрылыс және архитектура Институтына құжат тапсырды. Өте алмады. Сызудан құлады. Бірақ, осы оқуға түспей тынбаймын деді. Сол үшін құрылыста істеді. Үш жыл қатарынан түсе алмаған соң, амал нешік? Көлік және коммуникация Академиясына келді. Темір жолшы отбасынан болған соң ба, сынақсыз қабылдады.
— Мен жетпеген арманға ұл-қыздарымды жеткіземін, — деді. Алайда, олар шетелде білім алды. Басқа саланы таңдады.
— Қалайда менің балалық қиялымдағы қала тұрғызылуы қажет. Оған немерелерім жетсе де арманым жоқ. Жол серіктен бастаған еңбек жолы оны басшылық қызметке дейін жетеледі. Анасындай көп балалы бола алмады. Өйткені, қызметтің соңында кетті. Ұлы – елшілікте, қызы – бизнесте бағын тапты. Туған жерін бүкіл бала-шағасы білсін деген ниетпен жол тартты.
Иә, кешегі үш үйден тұратын разъезд кеңейген. Кішігірім ауыл. Бірақ, туған үйі сол қалпы. Әйтеуір шырақ жағып, түтін түтеткен адамдар тұрады екен. Барша адамдарды жинап, дастархан жайып, “Құдайы” тамақ берді. Ата-баба әруағына құран бағыштатты. Туған үйінде тұратын адамдарға сый-сияпатын жасады. Нан пісіру үшін қурай жинайтын жазыққа бала-шағасымен келіп, қиялындағы қаланы суреттеп берді. Балалық шағы туралы сыр шертті. Қыз қиялындағы қаланы болашақтың еншісіне тапсырып, кері қайтты.
Жылдар өткен соң, жапан дала көркейіп, Қазақстанның астанасы — Елордаға айналды.

Ж.Кучукова

ПІКІР ЖАЗУ