Қозғалыссыз қалудың пайдасы болды

Азамат Кеңесұлы, журналист, BAQORDA медиа тобының бас продюсері (Астана қаласы):

Бала кезім Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында өтті. Қазір Сырым ауданы деп аталады. Балалық шағымды сағынамын, жиі есіме аламын. Біздің ауылда жаңбыр сирек жауатын. Бірақ, бір жауса, шелектеп, тоқтамай жауатын. Жауын тоқтағасын ауылдың барлық балалары көлшік болып жиналып қалған суды кешіп, ойнайтынбыз. Қайсыбір балалар соны құдды бір бассейнде жүргендей сезініп кеш қарайғанша жүретін. Кешке шешелері зорға шақырып алатын.
Cондай қатты жауынның бірінде інім Ғани екеуміз жазғы сарайдың есігіндегі сығалаудан жаңбырдың шелектеп құйғанын тамашалап отырғанбыз. Кенет аспан қатты салдыр-гүлдір болып, аспан жап-жарық болып кетті. Сол сәтте есіктің сығалауынан жап-жарық домалақ бірдеңе кірді. Қорыққаннан екеуміз айғайлап жылап жібердік. Шошығанымыз соншалық, қатып, орнымыздан қозғала алмай қалдық. Әлгі сары домалақ менің қолымды жанап өтіп, сарайдың бұрышындағы ашық
жерге барып жоқ болды. Артынша үйдегілер жүгіріп қасымызға келді. Кейін оның найзағай екенін білдік. Қатты қорқып, қозғалыссыз қалғанымыз жөн болыпты. Найзағай қозғалған денеге барып соғылады екен. Егер біз қаша жөнелгенімізде, бізді найзағай соғып өлтіретін еді. Кейде қорқудың да пайдасы бар.

ПІКІР ЖАЗУ