Садақаң қабыл болсын десең…

Кішкентай кезімде анамның жанында жүргеніммен, көп нәрсеге мән бермейтінмін. Қазір әр ісінен ғибрат алатын болдым. Өйткені, анам маған осыған дейін өзі айналысқан шаруаларды үйретуде.
— Балам,үйренгенің өзіңе жақсы. Құдай бұйыртса отбасылы болғанда көп қиналмайсың, — дейді.
— Балам, Жаратқан Ием пендесіне бес парызды бұйырды: Аллаһтан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі екенін жадыдан шығармау. Намаз. Зекет беру. Ораза тұту және қажылыққа бару, — деп айтып отырады.
Бес парыздың ішінде мұқтаж жандарға садақа беруді көбірек орындаймын.
Бірде көкбазардың жанында көмек сұраған жандар қатар тізіліп тұр.
— Балам, мына адамдарға тиісінше садақа үлестіріп бер, — деп тиындарды берді.
Мен бардым да мойындарына ілген қораптарға темір ақшаларды тарсылдатып салып шықтым. Анам мені шетке алып шықты да:
— Балам, мұның қалай болды? Сауапшылық үшін істеген ісімізді мына қылығыңмен жойып жібердің ғой. Керісінше біз күнәға баттық па деймін деп қиналып кетті.
— Анашым, қалай?
— Ұлым, бұл көмекке мұқтаж жандар, оларға қолұшын беру біздің парызымыз. Бұдан кейін берген ақшаңды қолына бер немесе қораптарына ақырын қалдырып кет. Бірақ, адамдардың оларға берген мына садақаларын осы жандар өздері пайдаланбайтыны жаныңа батады. Аяқ-қолы сау жандар алып қоятыны жайлы теледидарлардан көрсетілді. Ең болмаса жаңа киім кигізіп, сақал-мұртын алып, жуындырып қойса, қайтеді?
— Анашым, жақындары оларға көпшіліктің жаны ашысын деп, әдейі мүсәпір көрсететін шығар.
— ?!.
Анам үнсіз жүре берді. Мен де ағаттығым үшін Алладан іштей кешірім сұрадым. Енді мұндай істемеуге уәде бердім.

А. Кучуков

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *