Есектің тәубесі

Бұрынғы заманда кедей су тасушы өмір сүріпті. Ол өте мұқтаж адам болған екен. Су тасып, оны сатып, жанын сақтап қалатындай нан тауып, әйелі мен балаларының қарнын тойдырып жүріпті. Кедей су тасушының есегі болыпты. Есегі де әлсіз, арық еді. Су тасушы күн сайын бірнеше бөшкені суға толтырып, есегіне артып, үй-үйді жағалап, су сататын. Бейшара есек су тасып, бірақ дұрыс жем-шөп жемегендіктен, тарамысына ілініп, әбден титықтаған еді. Оның не түрі, не күші жоқ еді. Арқасы да ауыр көтергендіктен, күн сайын жараланып, әбден жауырға айналған еді. Бейшара есек өзіне күн сайын мың рет өлім тілейтін, бірақ өлім де оны ала қоймады. Ол аш күйде су тасыды. Ол иесінің жақсы адам екенін білетін. Бірақ ол кедей болғандықтан, есегіне қарайтын жағдайы жоқ еді. Сол себепті оған дұрыс жем-шөп бере алмайтын-ды. Бейшара есек ләм-мим деместен, еңбектеніп, су тасып, қорлық көрді.
Күндердің бірінде патшаның сарайында жұмыс істейтін ат күтуші су тасушы мен оның есегін көреді. Ат күтуші су тасушыны бұрыннан танитын еді. Ол су тасушының есегінің жағдайын көріп, оған жаны ашиды. Бейшара есектің арықтығы мен әлсіздігі ат күтушіге қатты әсер етіп, есектің осындай мүшкіл халге түсуінің себебін сұрайды. Су тасушы өкініш білдіріп, басын бірнеше рет шайқап: «Бұл жоқтықтың нәтижесі, бәріне жоқтық кінәлі. Кедейлік пен жоқтықтан бейшара есегіме қарай алмаймын», — деп жауап береді.
Ат күтуші су тасушы мен оның есегін аяп, су тасушыға бірнеше тиын беріп: «Достым, мына тиынды ал да, есегіңе бірнеше күн демалыс беріп, маған тапсыр, бірнеше күн мен есегіңе қарайын. Ол жем-шөп жеп, күш-қуат жинап, қайтадан жұмысқа кіріседі», — дейді. Кедей су тасушы қуанып, ат күтушінің қолына есегін тапсырады. Ол есегінің күтім көріп, біраз қоң жинайтынын түсінді. Кедей су тасушы: «Жақсы болды. Есегім барып, дұрыс жайылып, есін жинап алсын», — деп ойлайды.

Ат күтуші су тасушының арық есегін әмірлер мен сарбаздардың аттарының қасына байлайды. Осы күнге дейін жем мен таза шөп жемеген есек қуанып, жеуге кіріседі. Айналасындағы семіз, күтім көрген аттарды көріп: «Мен де әрқашан осы аттар сынды осы жерде жем жеп, жұмыс істемей, жүк тасымай, таяқ жемей, иемді тасымай, демалсам қандай жақсы болар еді. Мәңгі осы жерде қалып, шынайы бақыттың дәмін татсам ғой», — деп армандайды. Ол Алла неге оны ат қылып жаратпады екен деп ойлайды.
Бір мезгілде есек бірнеше адамның аттарды ерттеп, мініп кеткендерін көреді. Ол орнында қалған қарт аттан: «Аттарды қайда әкетті?»- деп сұрайды. Қарт ат: «Соғыс майданына әкетті. Оларды бостан-бос күтіп, жем-шөбін беріп, тазалап тұрды деп ойладың ба?»- дейді.
Бір күн өткен соң келесі күні аттар орындарына оралады. Барлық аттар жараланған, шаршап-шалдыққан еді. Соғыс майданында оларға оқ тиіп, көп зақым келген екен. Есек аттардың оқ тиіп, жараланғандарын және денелерінге кірген оқтарды отқа өткір қанжарды қызартып, алып жатқандарын көріп, ауырсынған аттардың дауыстарын естіп, осыған дейін тағдырына риза болмағанына өкініп: «Иә, Алла, басыма түскен кедейшілік пен саулыққа ризамын, мына аттардың көріп отырған күндерін басыма бере көрме», — дейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *