Сағымнан жаңа шыққандай

Мұхтар Мағауин
1940 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданында дүниеге келген.
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы.
Бүгінде Чехияда тұрады.

«Соғыстан соңғы үшінші жаз екен. Ел есін жимаса да, көтеріліп қалған. Азалы көңіл серпілмейді, қайғы мен қасірет ортаймайды, бірақ мұң мен зар атаулы түгел ішке түскен. Тұрмыс та төмен. Аш пен жалаңаштың маңайы. Киім — жыртық, жамау, дастарқан — жүдеу, тақыр. Ал сырттай қарағанда бәрі тамаша.

Алыс отардан аудан орталығы Сартерекке көшіп келдік. Менің оқуға баруым керек екен. Бармасам да болатын еді. Кітапты еркін оқимын, өзімше жазам, ал есеп атаулыны ауызша шығара берем. Мектепке барғым келмейді. Жиырма-отыз бала жиналып, төрт-бес сағат бойы қозғалмай, мұғалім бірдеңе сұрамаса, өз бетіңмен сөйлемей, тып-тыныш отыру керек екен. Соншама уақыт бойы қозғалмай, сөйлемей, қалай отырасың. «Бармаймын!» — дедім. «Бармайды, — деді атам да, — келер жылы екінші класқа бірден түседі». Соған тоқтадық. Тіпті жақсы болды…»
«Қазақ емес. Эльза жеңешем. Бірден таныдым. Көзім шырадай жанып, үзіліп, әрең алған демім бірден ашылды. Жеңешем нұр жүзді, ақсары сұлу екен. Сағымнан жаңа шыққандай. Ертегідегі хор қызы. Жырдағы Ақжүніс ару. Тағы да ертегіде сұлу қызды көргенде жігіт есінен танып қалатын. Мен баламын. Танып тұрған есім қайта кірді. Жеңешем ғана өзгеше емес. Жеңешемнің аядай, тап-таза үйі, әлде дәрі, әлде әтір, бой сергітер ерекше, жұпар иісті екен…
Жеңешем жалаңаяқ екен. Сирағы түп-түзу, жұп-жұмыр, аппақ. Үстінде қысқа жең көк жолақ көйлек. Бар тұлғасы — сымбат. Толықсып тұр. Келте қиылған шашы жирен. Қасы қоңыр. Көзі де … қоңыр. Ай қабақ… Жанары ұшқын шашып тұр…»

«Көп білетін едім. Жеті
жастағы баланың өлшемі-
мен алғанда. Оқығанымнан естігенім, түйгенім көп. Соның бір парасы — кешегі қырғын соғысқа қатысты. Ауыр әңгімелер. Әсіресе екі ағама қиын болған сияқты. Дабыра қылмаса да, арнап айтпаса да, сөз арасынан, емеурін, сыңайдан танып білдім. Кей кездерде жүрегіме қорқыныш енетін. Екеуін де қайтадан әскерге алып кететін сияқты…»
«Бірақ Кенже ағам айтпай-ақ түсінген сияқты. Анық байқап тұр. Жеңешеме — өзінің қалыңдығы, менің болашақ жеңешеме қарап, ұнасымды бірдеңелер айтты. Сені көрген соң, осындай жеңешем болады деп қуанғаннан жазылып кетті дейді. Шынында да, осы үйдің хош иісті ауасы, жеңешемнің ертегідей бітісі айрықша әсер етсе керек, мен әп-сәтте құлан-таза жазылып кеттім. Ал ағам мен жеңгем менің ғайыптан жазылғаныма емес, өздерінің ойда жоқта көріскеніне қуанып, мәз болып отыр. Бірақ мені ұмытпапты. Жеңешем еркелей басып барып, әлдеқайдан сырты сурет ораулы кәмпит алып келді. Мен көрмеген, мен жемеген тәтті…»

Шығармалары:
«Шақан Шері»,
«Бір атаның балалары»,
«Көк мұнар»,
«Аласапыран»,
«Шипалы Арасан»,
«Жармақ», т.б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *