Шығыстағы оқырмандарымен кездесті

Мамыр айында «Мөлдір бұлақ» журналының ШҚО Жарма ауданындағы күндері өтті. Аудандық білім бөлімінің бастығы Бердібек ОРАЗҒАЛИЕВ аудандағы мектептердің жетістіктері жайында көп мағлұмат берді.
Шар станциясы — аудандағы ең маңызды елді мекендердің бірі. Шардағы үздік П.Г.Карелин атындағы орта мектептің ұжымы құшақ жая қарсы алды. Мектептің директоры Айгүл РАХМЕТОВАНЫҢ айтуынша, бұл білім ордасында өнерлі, дарынды оқушылар көп екен. Оған оқушылармен кездесу барысында көзіміз жетті. Оқушылар үзіліс кезінде мектеп алаңына шығып, 10-15 минут билейді екен. Салауатты өмір салтын ұстануға көмектесетін бұл би жаттығулары сабақтардың ортасында балалардың сергуіне көмектеседі. Мектептің жаңа бастамасына қызығып, сүйсіндік.

Кезеңсу орта мектебіне ат басын бұрғанымызда, ұстаздар мен оқушылар жарқын қарсы алды. Оқушылар өздерінің жерлестері, ақын, журналдың бас редакторының орынбасары Саят Қамшыгерге журнал жайында өз сауалдарын қойып, тілектерін айтса, ақын өзінің ауыл жайындағы өлеңдерін оқыды.

Шар станциясы Абай атындағы мектеп, балабақша кешеніндегі оқушылардың да жетістіктері баршылық. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Надира ЕШКЕНҚЫЗЫНЫҢ айтуынша, 11 сыныпта оқитын Мөлдір Орынбай, Алмагүл Сыдықанова, Мадина Мұхтар, Айтолқын Қали, Еламан Болсынбектей оқушылар мектептің бетке ұстарлары білім мен тәрбиеде, өнерде үлкен жетістіктерге ие. Осы кешеннің директоры Айтқабыл ӘБІЛМӘЖІНОВ журнал ұжымына табыс тіледі.

ПІКІР ЖАЗУ