Театр — тәрбие бесігі

Райхан Нәбиолдақызы ҚАЛИОЛДИНА Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Қазақстанның  Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Балалар, біздің қоғамда халықты қызықтыратын, қуанышты көңіл-күй сыйлайтын әрі демалуға зор мүмкіндік беретін орталықтар мен көгілдір телеэкранда көрсетілетін бағдарламалар аз емес. Ал, бар өмірін сахнаға арнаған өнер адамдары туралы айту өз алдына. Біз айтып отырған театр – демалыс орны ғана емес, мәдени ошақ. Сахна саңлақтарын тек театрда ғана көреміз. Театр – еңбектің көркемі. Театрға көрік беретін, көркем шеберлігімен көрерменнің жүрегіне оқиғаны жеткізе білетін — актриса.
Міне, осындай сахнаны гүлдендіріп, театр шымылдығын биік ұстауға зор еңбегін сіңіріп жүрген Райхан Қалиолдина апайымыз.

— Райхан апай, мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын! Маусым айында бенефис-кешіңіз тойланып өткен болатын. Аталып өткен кеш ойыңыздан шықты ма?
— Бенефис-кеш маған арналған мерейтойлық шара болатын. Кеште өзімнің қатысуыммен Ә.Таразидің «Жақсы кісі» атты қойылымы көрсетілді. Қойылымда Балзияр рөлін сомдадым. Артынша келген көрермендер мен қонақтарға арнайы бейне-баян көрсетіліп, құттықтаулармен жалғасып жатты.
— Кешке сіздің өнердегі әріптестеріңіздің көп келгенінің куәсі болдық.
— Мерейтойдың сәні жанашыр жақындарың емес пе?!. Сыныптасым Кеңес Нұрланов, К.Назибагүл деген достарым, алғаш бірге сахна төріне шыққандағы серігім болған, «Ақан сері Ақтоқты» қойылымында Ақан рөлін ойнаған танымал актер Досхан Жолжақсынов, сынып жетекшім Рабиға Жұмасыловна, театр саңлағы — Тұңғышбай Жаманқұлов, М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев ағаларымыз келіп, қуанышыма ортақ болды. Өзім талант қуған Талдықорғанның қызымын. Сол себепті де Ақсу ауданының әкімшілігі де театр қонағы болып, ізгі тілектерін білдірді.
— Өзіңіз айтып өткендей, сіздің қатысуыңызбен «Жақсы кісі» атты қойылымы көрсетілді…
— «Жақсы кісі» спектакльі осыдан 20 жыл бұрын жазылған пъеса. Елорда шабытын шыңдап, режиссер Жанат Хаджиев және Әкім Тарази ағаларымыздың бас қосып, жаңа идеямен, қазіргі уақытқа сәйкестіре отырып, заманауи көзқараспен жазған. Қойылым үш баласы бар, бір шаңырақ жайлы болған оқиға. Әкесінің балаларына деген сатқындығы. Отбасына деген қамқорлығының, жауапкершілігінің жоқтығы орын алғандығы баяндалады. Ауызбен айтып жеткізу қиын әрине, оны келіп, көріп, сезіне білгенде ғана көрермен түсіне алады деп ойлаймын.
— Қалаға демалыс уақытын пайдаланып, қыдырып келген оқырмандарымыз театрға қарай ат басын бұратыны сөзсіз. Өйткені, олардың ата-аналарының көпшілігі театрдың көрермендері болған. Олай болса, театрдың балаларға айтар жақсы жаңалықтары бар шығар?
— Әрине, балалар үшін арнайы қойылымдар өте көп. Атап айтар болсам: «Су патшалығы», «Аждаһардың әлегі», «Ергөжек», «Чиполлино және оның достары», «Жын бала Мико және қасқыр», «Буратино» сияқты біршама ертегілер, қойылымдар көрсетіледі. Балалар, келіп, тамашаласа өте керемет әсерге бөленеді деген сенімдемін.
— Сіз атаған қойылымдарда кішкентай актерлер бар ма? Олардың өнеріне қандай баға берер едіңіз?
— Балғын актерлер бар. Олар арнайы кастингтен өтеді. Содан соң балалар театрдағы қойылымдарда өз өнерін көрсете алады. Мысалы, Әбілмансұр Серіков деген актер кішкентайынан бастап түрлі қойылымдардың бала кейіпкерлерін ойнаған болатын. Осында жүріп жоғарғы оқу орнын тәмамдап, Елбасымыз «Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы» атты кинода басты рөлді сомдады. Біздің көз алдымызда өнер көрсетіп келген Әбілмансұр бала кезінен «Чи-чи», «Жасабай» деген балаларға арналған қойылымдарда өнер көрсеткен. Міне, осындай талантты балаларды біздің театрда қабылдайды.
— Ана ретінде журналымыздың оқырмандарына қандай тілек арнар едіңіз …
— Ал, құрметті балақайлар! Сендерге тілерім бастысы сабақтарыңды үздік оқып, ата-аналарыңды сыйлай біліңдер.Еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек сіңіретін үлкен азаматтары болса екен деп тілеймін!
— Оқырман-дарымыз атынан
сізге де алғысымыз-ды білдіреміз. Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Адина Марсқызы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *