Ат үстіндегі арулар

Балалар, ертеде еліміздің, жеріміздің, Отанымыздың амандығы мен болашағы үшін жанын салып, тарихымыздағы қанды жорықтарға қатысып, сонау қиын кезеңдерде ер-азаматтармен бірге қолына қару алып, жауға аттанған аяулы аналардың біршама екенін жақсы білеміз. Бірақ, асыл ару аналардың қасиетті есімдерін жатқа айта аламыз ба?

Назым – Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен бірге ХVIII ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысып, отанын қорғаған. Назым қыз есімі және оның ерлігі жұртқа аңыз болып тараған.
Есенбике – үйсін Қаратай батырдың қызы, сүйіндік Олжабай батырдың анасы, ХVIII ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатысқан жауынгер.
Жандәлі – Найман тайпасынан шыққан батыр қыз. Қазақ-жоңғар шайқасында ерлермен бірге майданға шыққан.
Айтолқын – Абылай ханның қызы. ХVIII ғасырдағы соғыстарға қатысып, ерлік көрсеткен.
Ботагөз – Тама Көкіұлы Есет батырдың қызы. 1742 жылы әкесі Орынборға кеткенде елін қалмақ шауып, жылқысын қуып әкетеді. Ботагөз 150 сарбазды бастап барып, жауын тұтқындап, жеңіспен оралған.
Сапар – Әкесінің аты Мәтен, руы Табын. Кейде есімі Сапура деп те аталады. ХVIII ғасырдағы Е.Пугачев соғысында аты аңызға айналған батыр қыз. Аңызда «Көктемір», «Көрінбес» деген атпен дәріптелген қаһарман қыз өзін Е.Пугачев ізбасарымын деп жариялап, азаттық көтерілісті одан әрі жалғастыруға үндеген. Ғалым Н.Бекмаханова «Легенда о невидимке» деген /1968ж./ кітап жазған.
(Жалғасы бар)

Біле жүр
Ата – даналық, әке-тау, ана – бұлақ, апа – тілек, аға – қанат, іні – тірек, бала – бақыт, ұл – мұрагер, қыз — өріс.

Нағашы – сүйеніш, қайын – қанағат, туыс – қорғаныш, жастық – қызық, азаматтық – дәурен, жомарттық –
барлық, мәрттік – ерлік, қайырым –
азаматтық.

Су — өмір, қазына – байлық, от – қуат, жер – тіршілік, жылқы – мақтан, түйе – салтанат, сиыр – қанағат, қой – қазына.

Байлық – мұра, денсаулық – байлық,
тіл – тереңдік, білім – шексіз,
ақыл – артық, өнер – мәңгілік,
дін – сенім.

 

ПІКІР ЖАЗУ