Қожаберген Толыбайұлы

Үш би
Үш жүзде болса да олар басты кісі,
Қазыбек, Төле, Әйтеке менен кіші.
Соларға жол көрсеткен ұстаз едім,
Сардар деп құрметтейтін үлкен-кіші.
Жеңіс жоқ соғыстарда шабандарға,
Жағдай жоқ тағат қылып амалдарға.
Жеңіске жету үшін қайрат қылып,
Ат қойдым ғаскер бастап қамалдарға.
Мәлім ғой, елге ғаскер басқарғаным,
Болдым деп Ордабасы мастанбадым.
Мылтығы көп болса да кәпір жаудың,
Қалмақтың ғаскерінен жасқанбадым.
Басқарып Үш жүз қолын жиырма бес жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердім биыл.
Еш сардар жарлығымды қайт қылған жоқ
Кезінде ұзақ соғыс, күндер қиын.

ПІКІР ЖАЗУ