Ата тек (дастаннан үзінді)

Түріктен тараған ел тоғыз дейді,
Тартатын күй аспабы қобыз дейді.
Башқұрт пен қазақ, ноғай, қарақалпақ,
Төртеуін шежірешілер Оғыз дейді.
* * *
Алтай тау Оғыз атам туған жері,
Соғысып қытайларды қуған жері.
Алатау, Алтай мен Сыр мекен боп
Оғыздың қобыз тартқан көсемдері.
* * *
Әр кезде күштіден ел зар илеген,
Шабуыл жылдан-жылға жиілеген.
Башқұртты, Ұзақ, Созақ бірге қосып,
Қазақты үш мың үш жыл хан билеген.

Бұл төрт ел Ер Аннастан таралады,
Оғызға Аннас тархан сайланады.
Нұх қаһаннан өрбіген түріктерге,
Ежелден дәулет пен бақ байланады.

Түріктен шыққан елдің бірі – Оғыз,
Жиырма жұрт шежіресі болар негіз.
Мекені қалың түрік ұлан-байтақ,
Жер шеті тірелген орта теңіз.

Аннастан балалары бата алады,
Сырт жаудан ел қорғауға аттанады.
Кейінгі Алтын орда заманында,
Ноғай деп Ұзақ жұрты атанады.

Ұзақтың ағасы екен Қазақ тархан,
Соғысқан дұшпандары болған талқан.
Сайланып сауыт киіп, тұлпар мініп,
Іліпті сол қарына болат қалқан.
* * *
Түріктің бір дегдары Алтай қаған,
Оның да өткеніне талай заман.
Сол Алтай Оғыз елін қондырмаққа,
Шығыстан таулы өлкені таңдап алған.
Таулы өңір сонан Алтай атанады,
Мекендеп қалың түрік шаттанады.
Оранған қарағайға биік тауға,
Бекініп Оғыз халқы сақтанады.

Алтай деп тауда ердің аты қалды,
Тастарға ойып жазған хаты қалды.
Ол кезде арап жазу тарамаған,
Түріктен көне жазу таңба бар-ды.

Алтай мен Сыр арасын сайран қылған,
Байлығы көрген жұртты қайран қылған.
Алатау, Қаратау мен Көкше теңіз,
Өңірін Оғыз түрік мекен қылған.

Түріктің екі жұрты – қырғыз, татар,
Көне ел Оғыздармен шыққан қатар.
Сөзімде кемдік болса, сөкпе, халқым,
Мен емес осы жайды кітап айтар.

Алтай мен Енесайды аралаған
Ежелден қырғыз, татар мекен еткен.
Шыңғысты хан көтерген қалың татар
Сібір мен Еділ жаққа көшіп кеткен.
* * *
Қазаққа таяу шыққан «Үш жүз» атау,
Көңілің еш болмасын оған жадау.
Үш жүз деп аталса да ел бытырай қонып,
Әр жерден қоныс тепкен қадау-қадау.

Қазаққа ел боларлық кезең жетіп,
Үш жүз боп аталғанда, бірлік бекіп.
Алтайға жиналуға үлгермепті,
Соғыста Шыңғыс ханның киіп кетіп.

Қазақтың түп бабасы Оғыз түрік,
Құт қонған ұйытқы болып орнап бірлік.
Татардың Шыңғыс ханы шапқан кезде,
Үш жүз түгіл Оғызға салған бүлік…

Қожаберген Толыбайұлы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *