Адалдық па, қарама-қайшылық па?

Бүгінде такси айдаушылар көбеюде. Мен де соның бірімін. Басымнан өткен оқиғаларды айта отырып, жастарды, жас ата-аналарды өз ісіне адал болуға шақырсам деймін. Жеке көлігіммен адам тасимын. Асыққан жолаушылар әйтеуір бір затын ұмытып кетеді. Оны кешке үйге келіп, машинаны тазалаған балаларым көрсетеді. Телефонның жарасы жеңіл, кез келген абонентке хабарласып, ертесіне келіп алып кетеді. Затты қалдырса, иесін таба алмаймын. Әсіресе, оңтүстік астананың жайы белгілі. Адамдар жақын маңдағы ауылдардан қатынайды.
Үйдің құжаттары бір жолаушыдан түсіп қалған. Сол құжатты бір айға жуық алып жүрдім. Мен жолаушыларды есіме сақтай алмаймын. Өздері мені танып, тоқтатар деген оймен жолаушы алған көшелерді жүріп өтемін. Ақыры иесі табылмады. Бірде балаларымның анасы:
— «Іздестіру» бюросына хабарландыру берген адамдарда есеп жоқ. Бәрі де «затын тауып алып берген адамға сыйақы» жариялап жатады. Өткенде құжаттарын ұмытқан адамдар да міне, хабарландыру беріпті. Хабарласып, апарып бер. Қанша сыйақы берер екен, — деді қалжыңдап.
Шындығында, көлікте абайсызда қалдырып кеткен затын артынан іздеп жүріп апарып бергенде, сыйақы түгілі «алғыс» айтқан адам аз.
— Мәселе сыйақыда емес, біреудің артық заты өзінен басқа ешкімге опа бермейді,- деп балаларыма мен өмірлік тәжірибеден мысал келтіремін.
Әлгі адамдармен хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Қуанғандары соншалық! Кездес-кенде, рахметтерін айтты да жүре берді. Атап айтқан сыйақысы есіне де түспеді.
Жақында бір жолаушының бүкіл құжаттары бар ақшасымен әмияны түсіп қалыпты. Хабарласып, әмиянын қайтарып бердім. Бір имансыз адам екен. Мен қалтасынан суырып алғандай ренжіген ыңғай танытты. Егер басқа жерде түсіп қалса, қайта қалпына келтіру үшін қаншама жүйкесі жұқарып, қаражат жұмсаған болар еді.
Қалай болғанда да, мен бала-шағамның болашағы үшін адал болуға тырысамын. Тазалығымның, адалдығымның шапағаты ұл-қызыма дарыса болғаны деп тілеймін.
Әділет ІЗДЕГЕНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *