«Бөлтірік бөрік астында» немесе «ұялыдан» шыққан әлек

…Шылдыр ете қалған қалта телефонға құлақ тосқан ананың өңі бозарып сала берді. Арғы жақтан естілген дауыс тым қатқыл секілді. Өткенде баласының сабағы өте төмендеп кеткенін айтып, шағынып еді, бүгін басқа қырынан құбылып тұр.
— Балаңыздың сабағымен қоса тәртібі де нашарлап кетті,- дейді сынып жетекшісі күйіне сөйлеп. — Озат оқушы еді, екпінділер қатарына түскен. Енді міне, үштіктердің тобынан табылып отыр. Мектепке келіңіз, сабағына қатысыңыз.
— Мақұл,- деді әз ана. Мақұл демес-ке шарасы да жоқ еді. Сөйтті де, жағын таянып, сол өңі қуарған күйі томсарып отырып қалды. Көзінің ағы мен қарасындай жалғызы ғой. Қалай уайымдамасын. Ана шұғыл киініп, мектепке баруға қамдана бастады…
Арада апта өтпей жатып, қалта телефон тағы безілдеп қоя берді. Кімнің хабарласып тұрғанын нөміріне қарап біле қойған ананың өңіндегі күлкі табы өшіп, тағы қуқыл тартып сала берген. Арғы жақтағы дауыс а дегеннен белең алған.
— Балаңыз бұрындары қораз секілді кім көрінгенмен шекісе беруші еді, енді нағыз төбелескіш болып алды,- дейді ашулы дауыс екпін ала сөйлеп. — Кеше көрші сыныптағы балалармен біздің сыныптағы оқушылардың арасында топтасқан төбелес болған. Сұрастыра келсек, ұйымдастырушылардың бірі сіздің балаңыз болып шықты.
— Мақұл,- деді ана. Үні жасып, құмығып шықты. Жазған құлда шаршау жоқ. Ана тағы да мектепке дайындала бастады…
Бұл үлкен жорықтың бастамасы екен. Бұдан кейін ананың мектепке баруы тым жиілеп кетті де, ақыры тәртіп сақшыларының табалдырығын аттаумен аяқталды. Ана болып жатқан жайсыздықтың себебін іздеп, шарқ ұрды. Сөйтсе, кінәлі өзге емес, кәдімгі қалта телефоны екен. Бөлтірік  бөрік  астында  жатыпты. Алыста деп жүрген жауы аяқ астына жасырыныпты.
Бірде бала мектепке кеткен бойда ана жалғыз баласының бөлмесіне кірген. Аяқ асты қалта телефон безектеп қоя беріп еді. Қараса, жіберілген ақпарат екен. Онда баласы сұраған ойын жіберілгені айтылған. Содан соң қалта телефонның ішкі байлығын ашып, қарай бастаған. Пәленің бәрі осында екен. Жай мультсериялдар былай тұрсын, неше қилы атыс- шабыс, тіпті қарауға бет шыдамайтын секстің неше түрі бар. Қайдан алғанын кім білсін, алуан түрлі қыздың суреті көз жасқайды. Енді анаға бәрі де түсінікті еді… Телефонға салған бірлік бір күнде бітіп қалатынын да білді. Сөйтіп, қызмет көрсету орталығымен хабарласып, «Интернетті» жапқызды. Бұдан баласы не ұқты?
Ол әу баста жалғызымен сөйлесу үшін алып беріп еді. Енді не істерін білмей әлек.
Ана бұл ретте шын ренжіп еді. Жылап та жіберген. Бұл бір ғана ананың басындағы жай ма? 
               Дәнеш АХМЕТҰЛЫ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *