Сән үлгісінің шебері

Дария қазір 11-сыныпта. Дегенімен, болашақ мамандығын таңдап қойған —
жеңіл өнеркәсіптегі дизайнер. Әсіресе, жастар киімінің стилін өзгертпекші. Соған қазірден бастап дайындалуда. Сатылымдағы көптеген бренд киімдерді өзіне, сіңлісіне, одан кейін анасына тігіп бастады. Әуелде ешкім назар аудармайтын. Біртіндеп, сыныптастарының көзіне түсті. Олар қызықты. Мұндай өзгеше киімдерді қайдан алатынын, қалай алатынын сұрады. Өзі тігетінін айтқанда, құрбылары сенбеді. Мұны естіген біз де Дарияны сөзге тарттық.
— Киім пішіп, тігуді технология сабағында бастадық. Менің тігіншілікке бейімімді байқаған анам тігін машинасын сатып алып берді. Өзі бірге барып, алуан түрлі маталар әкеліп берді. Алдымен, қуыршаққа көйлек тіктім. Одан кейін сіңліме көйлек пен белдемшенің түр-түрін тігіп бердім.
— Дария, көйлектерді қандай шебердің үлгісіне саласың?
— Шынымды айтайын, үлгіге қарамаймын. Ойланып отырамын да, көз алдыма бір үлгілер келеді. Дереу сызып аламын да, анаммен ақылдасамын. Анамның да шеберлікке ешбір ебі жоқ. Мамандығы басқа.
— Дария, құрбыларың саған тапсырыс беретінін айтып қалдың…
— Менің дайын заттарымды көрген соң, кейбірі маған өтініш айтады. Қолымнан келіп тұр ғой. Өтінішін орындаймын.
— Ақысы қандай?
— Еңбек бағалану керек қой. Көйлекті тігілуінің күрделігіне қарай ақысын белгілеймін. Олар келіседі. Аналары да тапсырыс береді. Қазір ҰБТ-ға дайындалып, уақытым жетпейді.
—Басқа қандай бұйымдарың бар?
— Тоқыма тоқимын. Моншақтардан тізіп,сөмке тоқимын. Ата-анама көп салмақ салмай, мектепке қажетті қалам-дәптерімді сатып алуға қаражатым жетеді.
— Бәрекелді! Ж.ЖАНТУРОВА.

ПІКІР ЖАЗУ