Ұлтының кім екені — есімінен

 …Қарап отырсаң, қыздарымыздың аты сорақы болып барады. Айнала толы аты – шетелдік, түрі – қазақ қыздар… Динара, Делнура, Илмира, Индира, Данила. Тізіп шығу мүмкін емес. Кейбір аттары кездейсоқ қазақша қойылған қыздарымыздың өзі есімдерін өзгертіп алған. Гүлнәр – Гуля, Айымгүл – Аня, Меңсұлу – Маша, Сайлаугүл – Сания…
Әр ұлттың өзіндік түрі, тілі, есімі болуға тиіс. Атын өзгертіп айту — өз халқын, ұлтын сүймейтіндердің ісі. Бұл қасиет біздің қазақ жастарына ғана тән қасиет.Әйтпесе, басқа ұлттың өкілдері баласына, не қызына қазақ есімдерін қойғанын көрдіңдер ме? Жоқ, әрине.
Көшеде үйелмелі-сүйелмелі екі бүлдіршін қыз ойнап жүр.
— Атың кім, айналайын? — дедім біріне жақын келіп.
— Анара, — деді ол.
— Жанара, — деді екіншісі.
Анара мен Жанара… Ойбай-ау, бұл кәдімгі өзіміздің Жанар мен Анар емес пе? «А» жұрнағын несіне жалғаймыз? Түсініксіз.
— Әй, Анара, Жанара бері келіңдер, — деді осы кезде үйден шыққан шешелері. Ә, енді түсінікті болды. Бәрі – ана тәрбиесіне байланысты.
Жалпы қазір есімдерге «а» дыбысын қосып айтуды «модыға» айналдырдық. Мәселен, көшеде кез келген қазақтан жөн сұрап көріңдерші.
— Абаямен барып, Гагаринадан түсесіз. Сол жерден сіз іздеген Жамбула алыс емес, — дейді.
«А» жұрнағын жалғау қыздар есімдеріне жарасып-ақ тұрсын дейік. Ал ер адамдар атына лайық емес. Былайша айтсақ, ұят… Егер Алматыдағы көше атын иемдеген аталарымыз тіріліп келсе не дер еді?
Орайы келген әңгіме. 1995 жылы күзде Түркістан қаласында бүкілхалықтық симпозиум болып өтті. Жер-жерден ғалымдар келді. Түркиядан атақты Хасен Оралтай аталарың да келген. Өз ұлты, тілі, салт-дәстүрі десе жанын беретін кісі екен. Теміржол бекеті алдында екі қазақ келіншегі қолындағы заттарын «алыңызшы» деп қылқылдап қоймаған. Бір емес, әлденеше келді.
— Жарайды, алайын. Атың кім? – деді ғалым атай бір кезде.
— Атым – Гуля, — деді келіншек.
Сол-ақ екен, ғалым аталарың азар-безер болды.
— Жо-жоқ, алмаймын. Сіздің атыңыз кім? – деді екінші келіншекке.
— Жұмакүл, — деді ол.
— Атыңнан айналайын, Жұмакүл деген, — деді ғалым аталарың мәз болып. — Әкел, сол үшін бәрін сатып аламын.
Ғалым аталарың осынау елеусіздеу қылығы арқылы атын орысша өзгертіп алатын қазақтың қыздарын «мақтамен бауыздаған».
Түйін сөз. Есім туралы айта берсек, сөз көп. Том-том кітап жазуға болар еді. Бүгінше осымен қысқаша қайырайық. Сонымен, «Сенің атың кім?» құрметті оқырман. Қазақша ма, орысша ма?
         Әділ БАЛТА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *