Қазақстан қорықтары

Қорғалжын қорығы – Ақмола облысы Қорғалжын ауданында орналасқан мемлекеттік қорық.
1958 жылы ұйымдастырылған. Оған Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесінің біразы енеді. Жер аумағы 258,9 мың га. Қорық орналасқан аумақта қыста ауаның температурасы – 41-420С суық болса, шілдеде температура 38- 390С-қа жетеді. 125-130 күндей аязсыз жайма шуақ болады. Жылына 200 мм шамасында жауын-шашын түседі. Қорықта жоғары сатыдағы өсімдіктердің 331 түрі, атап айтқанда, жусан, көкпек, боз селеу, қызғылт тобылғы, бидайық, бозшөп, т.б. өседі. Әсіресе, суда өсетін өсімдіктердің 22 түрі мұндағы көлдерге ерекше әсемдік береді.
Қорық жан-жануарлар дүниесіне бай. Мұнда сүтқоректілердің 37 түрі, құстардың 294, бауырымен жорғалаушылардың 3, қосмекенділердің 2, балықтардың 10-нан астам түрлері тіршілік етеді. Сондай-ақ, дала суыры, қоян, күзен, борсық, ақбөкен, т.б. аңдар мекендейді. Қорғалжында 32 мыңдай қасқалдақ, 10-12 мыңдай үйрек, аққу, қаз, т.б. құс түрлері ұя салады. Қорықтан ақ құтан, қызыл жемсаулы қарашақаз, тұрпан, қара дегелек,бірқазан сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды кездестіруге болады. Мұнда ұя салатын қанаттылардан гөрі мамырлауға келген құстар саны бірнеше есе көп болғандықтан, қорықты “Құс базары” деп те атайды.
Қорықта дүние жүзінде өте сирек кездесетін қызғылт қоқиқаз бар. Ол Қазақстан жерінде тек Теңіз көлінде ұя салып, жұмыртқа басады. Түсі қызғылт қанатты қоқиқаздар топталып аспанға көтерілген кезде бүкіл көл айдыны қызыл алау өрттей лаулап, ерекше шұғылаға бөленеді. Сондықтан оны кейде “Қызылқанат” деп те атайды. 1960 жылдары қорықта қоқиқаздың саны 45- 60 мыңдай болса, 2000 жылдары 10- 15 мыңдай ғана қалды. Халықаралық маңызы бар, қорғауға алынған батпақты-сулы жерлердің тізіміне Қорғалжын, Теңіз көлдері енгізілген. Қорықтағы фауна мен флора толық есепке алынған. 1973 жылы БҰҰ-ның қарамағындағы білім, ғылым және мәдениет мәселелерімен айналысатын арнайы ұйым ЮНЕСКО (United Nations Educational, Scientific, and Cultural Organization — UNESCO) «Адам және биосфера» (МАБ) деп аталатын ғаламдық деңгейдегі ғылыми-экологиялық бағдарлама қабылдап, Жер ғаламшарының әртүрлі географиялық табиғи белдеулерінде, бұрыннан ұйымдастырылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында (ЕҚТА), яғни мемлекеттік табиғи қорықтар мен ұлттық табиғи саябақтарға биосфералық резерваттар мәртебесін беруге шешім қабылдаған болатын.
2012 жылы 11 шілде күні ЮНЕСКО-ның Париж қаласында өткен «Адам және биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесінің ұйғарымы бойынша, дүние жүзінің отыздан астам мемлекетінен келіп түскен өтініштерді сараптай келе, әлемдегі 15 табиғи қорыққа биосфералық табиғи қорық мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.
Әлемдегі осы 15 биосфералық табиғи қорық мәртебесін иеленген табиғи қорықтардың бірі – біздің еліміздегі Қорғалжын мемлекеттік биосфералық табиғи қорығы екендігін ерекше мақтаныш сезіммен атап айтуға болады.

«МБ» — ақпарат.

ПІКІР ЖАЗУ