Әдемі шаш – адамның көркі

Әдемі, сусылдап төгіліп тұрған жылтыр шаш адамның көркі болуымен қатар, денсаулығының дұрыстығыныңда кепілі. Шаштың түсуі, ерте қасқалану – адам ағзасындағы өзгерістер нәтижесінде болады және ол емдеуге келеді. Шаштың түбі тері қабатындағы шаш ұясында болады, шаштың құрылысы өте күрделі, олар өте нәзік және оңай жарақаттанады. Шаш қалыпты, құрғақ, майлы болып үшке бөлінеді. Қалыпты шаш – қайызғағы жоқ, майысқақ, жылтыр болады. Мұндай шаштар ерекше күтімді қажет етпейді. Құрғақ шаш – жеңіл және жұмсақ, тез сынғыш келеді, майысқақтығы мен түсін тез жоғалтады. Мұндай шаштарға алдымен дымқыл жетіспейді. Майлы шаш – жуғаннан кейін әдемі қалыпты шаш болады, бірақ ертеңіне өзінің әдемілігінен айрылып, майланып кетеді. Бұл артық май безінің қызметіне байланысты.
 Ал шаштың түсуі адам ағзасындағы өзгерістерге байланысты болады. 
Әдемі, қолаң шаштарға қалай қол жеткізуге болады? Жалпы шашқа қандай күтім керек? Осындай сұрақтар көптеген қызды мазалайтыны белгілі. Егер шаштарың көлемінен айрылып, ұштары құрғап, өңсізденіп түсе берсе, мына кеңестерге құлақ түр:
Шашты жуғанда бір ғана ережені ұстан: мейлінше су сабынды (шампунь) аз қолдануға тырыс. Егер көп жаққан жағдайда шашқа артық салмақ түсіп, құрғатып жібереді. 1 шай қасық су сабынды суда араластырып, жақсаң жетеді.  Су сабынды шаштың ұзына бойына құймаңдар. Оны тек шаштың түбіне жақсаң болғаны. Жуған кезде су сабынның көпіршігі соңына қарай ағады. Бұл оларды жуу үшін жеткілікті. Су сабынды жылы сумен кетіру қажет. Өйткені ыстық су шашты құрғатып, қайызғақтардың пайда болуына әсер етеді. 
Шаштың көлемін тек арнайы косметикалық құралдар ғана үлкейтіп қоймайды. Басқа жасалатын мини массаж да көлемін көтеруге  жақсы көмектеседі. Алдыға қарай еңкейіп, 2 минуттай қолдарыңның ұштарымен мойыннан маңдайға қарай массаж жаса. Жұмсақ, әрі жұқа шаштарға көлем беру үшін, жұмыртқаның сарысы мен зәйтүн майын алып, араластырып, шашты жумар алдында жағып қой. Шашты арнайы пленкамен орап, сыртынан орамалмен тұмшалап 10 минуттай ұстап, артынан шайып таста.
Шаштарың мүлде жатпай, жан-жаққа ұшып, икемге келмейтін уақыттарда мынандай тәсіл қолданып көр: аса майлы емес қолға арналған кремді алып, кішкене ғана түйірін алақаныңа ысқылап, шашыңды сипап көр. Бұдан еш зиян болмайды, майланып, кір болып тұрғандай да әсер қалдырмайды.
Әдемі шаштар оларды дұрыс күтудің нәтижесінде ғана болмайды. Жеп-ішетін тағамдағы дәрумендер мен минералдар да шаштың мықтылығына іштей әсер береді. А, С, Е дәрумендері шашқа күш пен көлем береді.

                                           Дайындаған: Айгүл ҚАНАТОВА.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *