Шәкірт алғысы

Жаңа әмбебап базардан немерелеріме сыйлық алып, аялдамаға шықтым. Сапырылысқан  адам. Маршрут автобусына сыймай қалдым. Содан таксиге қол көтеріп тұр едім, бір көлік келіп тоқтады да, ішінен шыққан жігіт:— Апай, жаңа жылыңызбен келе жатқан! —  деп қолымдағы сөмкелерге жармасты. Танымадым. Не де болса, көп шәкірттерімнің бірі ғой деп отырып алдым.
— Қайда?..
— Қайда болушы еді, Райымбекке, — дедім.
— Ал, апай тура тарттық. – Жол жүре әңгімелесіп келеміз.
— Апай баяғыда мектепте жүргенде біздің қайда жүргенімізді Сіз ғана біліп қоюшы едіңіз ғой. Бізді артымыздан қозыдай жинап алып, сабаққа тоғытатынсыз ғой, әй! – Езуімізді жия алмадық.
— Апай, сабақтан қашып кетсек артымыздан қуып әкеліп өлең айтқызып қоюшы едіңіз ғой. Сол себеп болды ма, өнер саласына кеттік. Өкінбейміз. Талантымызды шыңдадыңыз емес пе?!.
Өзімнің атыма  мақтау есітіп, жаңа түлегендей күй кештім. К. Әзірбаев атындағы мектепте қырық жылдан астам уақыт директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. Тәрбие ісі — өте нәзік, мың иірімді қажет етеді.. Сабаққа келмеген, сабақтан себепсіз кеткен, төбелесіп қалған баланы «қиын» бала деп артына қоңырау байлап қоямыз.
«Қиын» деген ұлдардың өздерін қоғамдық жұмысқа тартып, біреуіне көркемсөз оқытатынмын. Ән айтатын, билейтін, спортқа қатысатын, әйтеуір балаларды өнерге бауылп, мектептен азамат етіп ұшырдық. Үйде де, мектепте де сусылдап жүрген балалардың ата-анасы ұлының өнердегі аяқалысын көріп:
— Сіз баламды қалай тәрбиеледіңіз, айтыңызшы? — деп ақыл сұрайтын.
Әне-міне дегенше  үйге келіп жеттік.
— Апай, «бұзықтарды» әлі қуып жүрсіз бе? — дейді рульдегі  шәкіртім қалжыңдап.
— Мен қуып әкеліп, сыныпқа отырғызған шәкірттің бірі сен едің ғой. Жаман болдың ба? – дедім сөзіне шамдана.
— Өнерде жолым болды. Отбасым бар. Апай, сізге мың алғыс, — деп ризашылығын білдіріп, бұрылып кете барды.
          Оқушым мектепте жүрген кезіндегі өзіндей жалқау сан шәкірттің алғысын жеткізді. Бұл – оның маған ғана емес, мектеп ұстаздарының атына айтылған жылы лебіз деп білем.

Фатимат ДӘУРЕНБЕКОВА,
ұстаз.
Алматы облысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *