Жүрек әмірін тыңдасақ

Үлкендердің қазіргі жастар кітап оқымайды деген пікіріне мен де екі қолдап келісемін. Себебі, қазір – ақпарат тасқыны. Мен бір сағат кітап оқығанша, бас ауыртпайтын интернетке кірсем, керегімді таба аламын. Бірақ сол интернет маған жақсы нәрсе бермейді. Онда жамандықтың «вирусы» толып жүр. Біз көрген атыс-шабыспен жеңіске жететін «жақсы» фильмдер, біреуді өлтіріп, жаның рахаттанатын компьютер ойындары кітаптың бір беттік тәліміне жетпейді. Кітап оқымаған бала үйшік емес, банда болып ойнайды. Адам табиғатынан жаман жаққа бейім болғандықтан, амал нешік!
Бәрі өз қолымызда бола тұра, неге жақсылықтың жолымен жүрмейміз?! Көңілі орта құрбы-досты қиын шақта жақсы сөзбен жұбатуды неге білмейміз? Ата-ана айтқан өсиет-тілекті жадымызда неге ұстамаймыз? Керек кезде әділет үшін қайыспас қайсар болу қолымыздан неге келмейді? Бәрін өзіміз құтқара аламыз ғой. Тек рухымыз бай болып, кемелденген нағыз адам болуымыз керек. Сонда ғана мына қоғам түзеліп, жүрек лүпілін анық естиміз.
Бірде қазақ әдебиеті пәнінен шығарма жаздық. «Менің мақсатым» деп аталады. Сыныптастарымның көбі болашақтағы мамандықтарын жазды. Ал мен тақырып қояр тұста: «Жақсы адам болу!» деп жазып, ерекше күйге бөлендім. Себебі менің жүрегім солай деді. Ал мен жүрегімнің әміріне құлақ асамын!
Ақнұр БАЯНДИЕВА.
ОҚО, Созақ ауданы,
Шолаққорған ауылы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *