Аңыз және ақиқат

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ.«Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы, жазушы.

Ерте-ерте-ертеде… Жо-жоқ тым ертеде емес сәл-пәл берігіректе бір бала болыпты. Кәдімгі қолды-аяққа тұрмайтын қазақтың қара баласы. Аты Арман. Біздің кейіпкеріміз мектепке бармай тұрғанда тентектің тентегі еді. Әкесі мен анасы «Не қылар дейсің? Мектепке барса басына ноқта түскен құлын-тайдай сабасына түсер?» — десті бір-біріне. Мектепке келген соң да Арман баяғы тентектігін қоймады. Бірақ сабағы өте жақсы. Әліппені елден бұрын түгесті. Өлеңді бір оқығанда-ақ жаттап алады. Есепке жүйрік. Сабақтарының бәрі бес. Арманды бір-ақ нәрсе кейін тартып тұр – ішінде бір мазасыз жын бар. Құлағына сыбырлағандай қай-қайдағы қиянпұрыстыққа үгіттейді. Мысалға, алдындағы қыздың бұрымын партаға байла дейді. Немесе біреудің сөмкесіне кесіртке сал дейді. Осылай шеті де, шегі де жоқ қиянпұрыстықтар жалғаса береді. Мұғалімдер де, қыздар да Арманнан зәрезәп.
…Диқан бабаның енді пісіп, ауызға түсейін деп тұрған қауын-қарбыздарын бір топ бұзақы достарымен бір түнде пәрша-пәршасын шығарып талқандады. Жейтінін жеді, жемегендерін жарып-жарып тастады. Арман ертеңіне ерте тұрып Диқан баба қандай күйде болар екен деп сырттай бақылауға келді. Айра-жайра болып жатқан қауындығын көріп Диқан бабаның кетпеніне сүйеніп, бүгіліп, еңкілдеп тұрып жылағанын көрді. Жүрегі ауырды. Ал мұның ішіндегі жын мәз болып күлсін! Бұның да құлағына сыбырлап: «Қан-дай жақсы, Арман! Күл, күл сен де. Ана ақымақ адам оншақты қарбызының жарылғанына ренжіп тұр. Ақымақ, арамза, сараң болмаса, соған жылай ма екен? Ха-ха-ха! Хи-хи-хи!» Міне, қызық! Бұл да өзіне ие болмай күлсін! Күліп-күліп шаршап, қайта ойға түсті. «Қазір Диқан-баба біздің жасағанымызды біледі де, әке-шешемізге барады. Содан кейін…» Арман өз ойынан өзі шошып, шалқасынан түсті. Жын сыбырлап ақыл айтты.
— Қаш, қаш, Арман! Әйтпесе олар сені ұрып-соғады, — деді ол. Арман қорқып кетіп ауылдан шыға қашты. Шөлге емес, тауға қашты. Аз жүгірді ме, көп жүгірді ме, кім білсін, әбден діңкелеп шаршап, тілі салақтап бір жерге барып құлады. Қайта тұрды, қайта жүгірді. Содан жүгіруге шамасы жетпей, ілби жүрді. Бара-бара оған да дәрмені жетпей етпетінен сұлады. Күн шыжғырып, шекесін тескіледі. Ішіндегі ақыл айтқыш жын үнсіз. Мұның жатысы мынау. Есінен танып ұйықтап қалыпты. Ұйқысынан тұрса қаталап шөлдеп жатыр екен. Төрт аяқтап алдындағы төбеге шықты. Таулар әлі алыс. Кенет пыр етіп ұшқан бір топ торғай сайға барып көгалға қонды. Сол жерге қарай сарышұнақтар кетіп бара жатты.Тағы екі киік те сол көгалға барып еңкейді. «Су-су бар-ау!» деп үмітттеніп Арман-тентек сол жерге аяңдады. Барып еді қойтастарды көрді. Айнала топырақ сыз. Бірақ су жоқ. Бар күшін салып еді, қойтасты қозғай алмады. Сол сәтте жанына біреулердің келгенін сезді. Қараса, әлгі әдемі киіктер! Мұнымен бірге олар да тасты итермекші. Кішкентай сарышұнақтар да әлгі дәу тастың астын қаза бастады. Бар күшін салып тасты шетке қарай итерді. Қасқыр, түлкі, киіктер де жабылып берсін! Айналадағы құстар да жанұшыра сайрап, бұларға күш берді. Әне, қозғалды! Ынтымақ түбі — жеңіс! Қой тасты олар домалатып жіберді. Міне, тамаша! Тура қойтастың астынан көп ұзамай шып-шып етіп мөл-мөлдір су шықты. Арман жалма-жан бұлақ көзін тырмалап аша бастады. Сәл кідіріп еді, су көбейді. Арман алақанымен көсіп алып ішіп салып еді, мұп-мұздай екен. Рахат! Тағы-тағы да ішті құныға. Мұндай тәтті суды бірінші рет ішіп тұр. Одан соң қалғандары да ішті. Суға тойған соң олар бұған рақмет айтқандай өздерінше үн шығарып, анандай-анандай жерге барып қарап тұрды. Мөлдір бұлақтың суымен тек қана шөлі ғана басылмай, жан дүниесі жадырады. Күн-анадан бастап бар дүние тек жақсылықтан жаралғандай, бейне. Біреуге тиіскісі келіп тұратын тентектігі, бұзақылық мінездері зым-зия. Үнемі жамандыққа итермелеп тұратын сыбырлауық жын қайда кеткені белгісіз, бір жаққа зытып бергендей. «Енді мен тентек болмаймын!» — деген. Сол күнгі уәдесін Арман ешқашан бұзған жоқ. Айтпақшы ол ауылға барған соң тентек достарын әкеліп сол қасиетті Мөлдір бұлақтан су ішкізді. Бәрі де жынынан айырылған соң тентектікті қойды. Мөлдір бұлақ қазір де бар. Арман тәрізді тентектерді ата-аналары ауыл-ауылдан арнайы сол Мөлдір бұлаққа апарады екен…
Қадірлі балалар! Бұл аңыз ба, ертегі ме, өзің бағамда. Ал мынау қолыңдағы сенің сүйікті «Мөлдір бұлағың» – ол ақиқаттың жаршысы.
Мінеки, «Мөлдір бұлақ» 10 жасқа келді. Он мыңдаған балалар жыл сайын осы журналдан сусындап келеді. Ақылды тентектер жан-жағына нұр шашқан «Мөлдір бұлақтан» қаншама тәлім-тәрбие, өнеге алып жатыр десеңші!

ПІКІР ЖАЗУ